210
21 июня 2024

Шығыс өңірінде жылыту маусымы апатсыз өтті

Шығыс Қазақстанда 2023-2024 жылғы жылыту маусымы штаттық режимде өтті. Тұтынушыларға жылу бекітілген температуралық кестелерге сай берілді.

— Жылыту маусымы барысында облыста 309 технологиялық бұзушылық тіркелді, бұл алдағы жылмен салыстырғанда 21 жағдайға аз. Электрмен жабдықтау желілерінде — 286, сумен жабдықтау желілерінде — 18, жылумен жабдықтау желілерінде бес жағдай болды, — деп мәлімдеді энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Нұрлан Рамазанов.

Қыс бойы жылумен жабдықтау жүйесінің жұмысы тұрақты бақыланды. Коммуналдық қызметтер технологиялық бұзушылықтарды жедел жөндеп отырды.

Аймақ жұртшылығын алаңдатқан Риддер ЖЭО қыстан ойдағыдай шықты. Олай дейтініміз, былтыр кенді шаһардағы жылу электр орталығының жұмысы тұралап, қалалықтар әбден әуреге түскен еді. Биыл қыстан қысылмай шықты. Жылу көзі жөнделгеннен кейін небір қолайсыз күн райына шыдас берді. Тозығы жеткен құбыр желісінің ақауын айтпағанда, алты ай қыста апатты жағдай болған жоқ.

(Жаңалықты ана тіліңде оқы oskemenkz.kz)

Еске салайық, 2023 жылдың орта шенінде Үкімет резервінен Риддер ЖЭО-ның 6 қазандығын жөндеуге 7,3 млрд теңге, жылу желілерін жөндеуге 1,1 млрд теңге бөлінді. Қосалқы жабдықтарды жөндеу облыстық бюджет есебінен қаржыландырылған. Бұған 570 млн теңге жұмсалды.

Жылу электр орталығын жөндеуге 14 мердігер ұйым, 450 жұмысшы күш салды. Әрбір агрегат бойынша жұмыстардың реті, ауқымы және орындалуы қадағаланатын нақты кесте жасалып, жұмыс екі ауысым, қажет болған жағдайда, үш ауысым бойынша жүргізілді. Мұнда тек жабдықты жөндеу емес, сонымен қатар шатырды жабу, ғимаратты жылылау, көтергіш кранды қалпына келтіру, су беру ұңғымасын жөндеу және тағы басқа да жұмыстар жүргізілгенін атап өткен жөн.

Бүгінде облыста алдағы жылыту маусымына дайындық басталып кетті деуге болады. Өңірлік штаб құрылып, іс-шаралар жоспары әзірленді.

Атап айтсақ, алдағы қысқа үш ЖЭО, 32 аудандық жылу қазандығы, бюджеттік ұйымдардың 201 қазандығы, 1 мың шақырым жылу желісі, 5 мың шақырымнан астам су және кәріз желілері, 600 шақырымнан астам электр желісі, 3017 көппәтерлі үй дайындалатын болады.

Осы жылы жалпы сомасы 20,8 млрд теңгенің жөндеу жұмыстары жүргізіледі, бұл 2023 жылмен салыстырғанда 1,8 млрд теңгеге артық, — деді облыс әкімдігінің мәжілісінде есеп берген энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Нұрлан Рамазанов.

Биыл өңірімізде 6,2 млрд теңгеге 56,2 км жылу желілері жаңартылады, бұл тозуды 5%-ға немесе 55,6%-ға дейін төмендетеді. Жылу станциялары 14,6 млрд теңгеге жөнделеді, бұл олардың тозуын 9,8%-ға азайтпақ.

1
0
0
0
0
0