ШҚО-да туберкулезге шалдыққандар саны 10,1%-ға азайды
Бүгін Шығыс Қазақстан облысы мәслихатының кезекті 26-шы сессиясы өтті. Оған аймақ басшысы Нұрымбет Сақтағанов, мәслихат төрағасы Денис Рыпаков, депутаттар, басқарма басшылары мен қала, аудан әкімдері қатысты.
Сессия барысында ШҚО денсаулық сақтау басқармасының басшысы Төлеген Жігітаев өңірдегі медицина саласын дамыту жоспарының іске асырылу барысы туралы есеп берді.
«Халық арасындағы аурулардың алдын алу және салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында осы жылдың тоғыз айында 9 мыңнан астам шара ұйымдастырып, 70 мыңға жуық адам қамтылды. B гепатитімен сырқаттану 100 мың халыққа шаққанда 0,14 құрап, аурушаңдық деңгейі 66,6%-ға төмендеді. Туберкулезге шалдыққандар көрсеткіші 10,1%-ға азайды», — деді ол.
«Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» Ұлттық жобасы аясында облыста биыл 34 медициналық нысан салынды. Жыл соңына дейін тағы екеуінің құрылысы аяқталады. Сондай-ақ 11 мекемені күрделі жөндеуге қаражат бөлінді. Бүгінде ауруханаларды медициналық жабдықтармен қамтамасыз ету деңгейі 87,5%-ды құрап отыр.
Сондай-ақ ШҚО экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Нұрсұлтан Маратов облыстық бюджет және аудандар бюджеттері арасындағы 2026-2028 жылдарға арналған жалпы сипаттағы трансферттердің көлемі туралы баяндама жасаса, Күршім ауданының әкімі Мейіржан Әлбеков «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» ҚР Заңын ауданда іске асыру барысы жайлы айтып берді.
Сессия соңында сөз алған Нұрымбет Сақтағанов Мемлекет басшысының «Заң мен тәртіп» — мемлекетіміздің мызғымас тұғыры» деп әрдайым айтып келе жатқанын, бұл қоғамдағы тұрақтылықтың, азаматтардың құқықтары мен қауіпсіздігінің, еліміздің даму бағытының негізі екенін жеткізді.
«Осы қағидатты басшылыққа ала отырып, біз сіздермен бірге әрбір бастамамызда заңның үстемдігін қамтамасыз етуге, қоғамдық тәртіпті нығайтуға және азаматтардың мемлекеттік институттарға деген сенімін арттыруға міндеттіміз. Кез келген фактілерді мұқият қарап, құзырлы органдарға жолдайтын боламыз. Кеше болған жағдай - біздің жемқорлыққа қарсы ұстанымымыздың дәлелі», — деді аймақ басшысы.