Жеңіс күні қарсаңында Өскеменде мерекелік концерт өтті
Даңқ Мемориалы алдында қалалық ән ұжымдары өнерлерін ортаға салды. Мұнымен бітпеді. Қалалықтар сарбаздар шатырына кіріп, әскери өмірді бір сәт сезініп көру үшін ботқадан да дәм татты.
Жиналғандар қарасы аз болмады. Алдымен салтанатты шараның куәсі болып, артынша Мәңгілік алау маңында гүл шоқтарын қойды. Осыған дейін карантин шектеулері кедергісін келтіріп, бұл жағы сәл кенжелеп қалған еді. Осы жолы майданда ажал құшқан аталары мен туысқандарының суретін қолдарына алған өскемендіктер Ертістің жағалауымен жүріп өтті.
— Менің атам 2020 жылы өмірден озды. Ол Шауляй операциясына қатысып, байланыстырушы міндетін атқарды. Ауыр жарақат алса да Мемелге жетті, — деді Владимир есімді қала тұрғыны. — Бұл шара біз үшін портретті қолға алып, әншейін жүру емес. Мұнда отбасымыздың естелігі жатыр, атамыз біздің мақтанышымыз. Қан майданда толарсақтан саз кешкен ата-бабамызды еске алмасақ, елі мен ұрпағы үшін жанын қиғандар ұмыт бола бастайды ғой?
41-дің нәубетін іштей көз алдарына келтіріп, қаза тапқандарға тәу еткен соң әскери әндерге құлақ түрді. Өскемендіктер үшін қалалық вокалдық-аспапты ансамбльдер, театр және би ұжымдары барын салды.
Шырқалған әндердің барлығы соғыс зұлматын еске бір салып, енді бірі Жеңіс күнінің жарқын естелігін сезінді.
Балалық шағының аспанына айналған әндердің әр сөзін қосыла іштей айтып тұрған қалалықтар жастық шақтарына қайта бір оралғандай болғаны рас.
Вокалдық нөмірлерді ВКУИ хоры, Әсем Рыспаева, Ирина Барабаш, Айжан Дәукенова, Фарид Исамилов, Никита Попенко, Ермек Байзақов, Максим және Юлия Чернусовтар, Жазира Қыдырмоллаева, «Аллегро», «Злато», «Инкар», «Akcent», «Krash», сондай-ақ «Инкоро» паш етті.
Мана ботқадан ауыз тиді дедік қой. Концертпен қатарласа Стеланың ар жағында дала асханасы көптің назарын өзіне аударған еді. Осы жағын сәл кеңірек жаза кетсек. Қала тұрғындары үшін бұл тосынсый болғаны рас. Себебі кең әрі ыңғайлы етіп орнатылған сарбаздар шатырында дастархан жаюлы тұрды. Келімді-кетімді адамдар тек ботқаны ғана емес, басқа да тағам мен дәмнен алды. Ел-жұрт ауқаттанып жатқанда әнші-бишілер сол жердің рухты лебін одан әрмен әуелетті.
Айта кетерлік жайт, орта жастан асып, егде тартқан тұрғындармен қатар жастар легі де жетерлік болды. Сонда түйген қорытынды: жастар да Жеңіс күнін барынша әспеттеп, мамырдағы мейрамды құр әншейін өткізбеуге бекінгендей.
— Бұл мейрамды елеусіз қалдыруымыз жас буын, яғни бізге үлкен сын. Жеңісті жақындатуға сүбелі үлес қосқан барша ардагерлер мен боздақтарға құрмет көрсету есімізден бір сәтке де шықпауы керек. Келіп, қатысуымыз арқылы аталарымыздың ерлігін шамамыз жеткенше түйсіндік деп ойлаймын, — деді он жетідегі Жанель Серікова. — Бұл күнді қала көлемінде ауқымды деңгейде атап өтіп жатқаны шын қуаныш. Осындай шараларға қатыса отырып соғыс жайлы мәліметтер алып, қасіретті жылдарды сезіне аламыз. Өз елінің, жерінің тарихын білу – әрбірімізге парыз.
Берікжан есімді 16 жастағы қала тұрғыны да мерекенің маңызын жете түсінгенін айтты.
— Жеңіс күнін атап өтпейтін отбасы жоқ шығар, — дейді ол. — Бұл күннің маңызын ата-анамыз үнемі айтып жүреді. Кейін мен де мұны балаларыма жеткіземін. Өзім соғыс жайлы түрлі фильмдер мен бағдарламаларды көремін. Өте қызық. Әсіресе радиоэфир арқылы дауысы көбіне таныс диктордың соғыстың аяқталғаны жайлы хабарлаған сәті жүректі қозғай түседі. Өне бойымды шымырлатып жібереді тура бір. Дәл осы сезімді кейінгі буын да сезінсе дейміз.
Салтанатты шаралар әрі қарай жалғасып, әуезді әндер Ертіс жағалауымен есіп өткендей болды.
Асыл Айтбаев