ШҚО-да «Мектепке жол» акциясы басталды
Жыл сайынғы шара аз қамтылған отбасыларды мектепке дайындауға көмектесу мақсатында қолға алынған, деп хабарлайды YK-news.kz.
Биыл тамыз айының 1-нен бастап Қазақстанда жыл сайынғы «Мектепке жол» республикалық акциясы басталды. Осы жылы қыркүйек айының 30-нда аяқталады.
– Шараның ұраны – «Мектепке жол – шегі жоқ жақсылық» деп аталады. Өңірдің әр тұрғыны әлеуметтік осал топтан шыққан балаларды мектепке дайындау үшін қолдан келген көмектерін көрсетіп, азаматтық белсенділіктерін байқата алады, – деді ШҚО Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сайрангүл Жұмаділова. – Шараның мақсаты – көпбалалы және аз қамтылған жанұядан шыққан оқушыларды, жетім және ата-анасының қарауынсыз қалған бүлдіршіндерге материалдық көмек көрсетуге бағытталған.
Шығыс Қазақстан облысының әкімдігі қазірде аймақтық іс-шаралар жоспарын бекітіп үлгерген. Оның ішінде мектепке арналған тауарлар қолжетімді бағамен сатылатын жәрмеңке, жергілікті қайырымдылық акциясы, сондай-ақ себепсіз сабақ босататын оқушыларды анықтау үшін рейд өткізіледі. Бұдан бөлек, балалар үшін облыстағы театр мен музейлерге тегін кіру жағы да ұйымдастырылмақ. Аталған шараны өткізу кезінде меценат, кәсіпкер, сондай-ақ қарапайым тұрғындар да көмек қолдарын созады деп айтылуда.
– Қандай жағдай болса да немқұрайлылық танытпайтын азаматтарды осыған атсалысуға шақырамыз. Балалар – біздің болашағымыз, оларды барынша қолдауымыз керек, – деді Сайрангүл Ахметкәрімқызы.
Айта кетейік, «Мектепке жол» акциясы – балаларды оқу маусымына дайындауға қол ұшын беру үшін әзірленген жалғыз шара емес.
– Жаңа оқу жылында 342 мектеп партасында 95 мыңнан астам оқушы, оның ішінде 21 мыңнан астамы жалпы оқу кезінде қолдауға ие болады. 2022 жылға бұған облыстық бюджет есебінен 1,9 миллиард теңге мөлшерінде қаржы қарастылған. Оның ішінде мектеп формасы мен аяқ-киім сатып алуға 670 миллион теңге бөлінген, – деді Сайрангүл Жұмаділова.