ШҚО-да Қабанбай батырдың мерейтойы мен Ақжар ауылының 100-жылдығына орай мәдени-спорттық шаралар өтіп жатыр
Тарбағатай ауданының орталығы, Ақжар ауылының 100 жылдығы және даңқты қолбасшы, қазақтың бас батыры Қаракерей Қабанбай батырдың 330 жылдығына орай облыс аумағында той өтті, деп хабарлайды YK-news.kz тілшісі.
Ақжардағы Қабанбай саябағында 25 ақшаңқан киіз үй тігіліп, жергілікті тұрғындар мен аудан қонақтары айтулы батырдың құрметіне орайластырған театрландырылған көрініс тамашалады. Шараға ШҚО әкімінің орынбасары Нұржан Сайлаубекұлы қатысып, тұрғындарға ақжарма тілегін жеткізді:
«Баһадүр бабамыз Қарекерей Қабанбайдың 330 жылдық мерейтойы мен Ақжар ауданының құрылуы қатар келіп, ырысты жерде қуныш көбейді. Облыс әкімі Даниал Кенжетайұлы Ақжар ауданының кешенді дамыту жоспарына биылғы 1 миллиард теңге бөлінсе, алдағы бес жылда аталған қаржы 5 есеге көбеймек. Сондай-ақ 48 жоба іске асырылып, оған 7,8 миллиард теңге қарастырылды» – деп атап өтті ШҚО әкімінің орынбасары Нұржан Сайлаубекұлы.
Шара аясында республикалық деңгейде қазақ күресінен сайыс ұйымдастырылып, еліміздің әр түкпірінен келген, сайдың тасындай іріктелген 36 спортшы боз кілемде бақтарын сынады. Жеңістің ең биік сатысына шыққан өгіз балуан мен түйе балуанға автокөлікті демеушілер сыйға тартылды. Мәдени және спортттық іс шараның ұйымдастыру комитетінің төрағасы дүбірлі той жайлы өз пікірін білдірді.
– Ақжар ауылында үлкен той. Дарабоз Қабанбай батыр ұлықталып, спорттық әрі мәдени шаралар өтуде. Түрлі спорттық шаралар қолға алынып, қатысушылар тойдың көркін одан әрі қыздыра түсті. Сонымен қатар батыр баба рухына ас беріліп, Қабанбай Қожағұлұлының 330 жылдық мерейтойына арналған «Бабалар ерлігі ұлтқа мұра, ұрпаққа үлгі» атты ғалымдар, тарихшылар, зиялы қауым өкілдерінің қатысуымен ғылыми-теориялық конференция өтті, – деді Талғат Мәзібаев.
Тарбағатай ауданының орталығы Ақжар ауылындағы айтулы қос мерейтой шарасы «Арманы болған азаттық» жазба ақындар мүшәйрасы, гала концерт, артынша мерекелік отшашумен қорытындыланды.