Ауылдарда медицина сапасы жоғарылайды
Қазақстан халқына Жолдау кезінде Президент медицина саласында жоспарланған реформаларға тоқталды, деп хабарлайды YK-news.kz тілшісі.
Қасым-Жомарт Тоқаев келесі жылдан бастап еліміздегі ауыл-аймақтардағы тұрғындар өтініші негізінде ұлттық жобаларды жүзеге асыру қолға алынатындығын жеткізді.
Екі жыл ішінде күні бүгінге дейін фельдшерлік-акушерлік пункті жоқ 650 елдімекенде тиісті құрылыс жұмыстары басталып, жұмыс аяқталған соң бірден қажет құралдармен жабдықталуы тиіс. Берілген тапсырма осындай. Осылайша, мемлекет миллионнан астам тұрғынның алғашқы медициналық-санитарлық жәрдем алуларына мүмкіндік береді.
Ұлттық жоба аясында 32 аудандық аурухана модернизациядан өтіп, аудан аралық көпсалалы мекеме болып түрленеді. Ол жерде инсультты орталықтар, хирургия бөлімшесі, жан сақтау және оңалту орталығы ашылмақ. Барлығы сәтімен іске асса, онда төрт миллионнан астам тұрғынның сапалы медициналық көмек алу мүмкіндіктерін арттырады.
Шалғай аудандардың тұрғындарына білікті көмек көрсетуге жол ашатын телемедицина дамытылады.
– Президенттің әрбір Жолдауы – жас мемлекетіміздің өркендеп, тұрақтылығын нығайтуға жасалған тағы бір қадам. Асыра айтқанымыз емес, қазіргі негіз болып отырған құжатты әлеуметтік тұрғыдан да, экономикалық жағынан да ерекше екенін айтқым келеді, – деді Шығыс Қазақстан облыстық ауруханасының бас дәрігері Төлеген Жігітаев. – Біздің медициналық қызмет көрсету сапасы одан әрі артады.
Мысалы, қазір Шығыс Қазақстан облысында дәрігерлер инфаркт пен инсультті эндоваскулярлық транскатетерлік әдіспен, яғни тілік жасамай тоқтатады. Бұл пациентке барынша қысқа мерзімде оңалып, қалыпты өмір ағысына түсуге мүмкіндік береді. Мұның бәрі дәрігерлердің жыл сайын шетелде біліктіліктерін арттыруларының арқасы. Біздің өңірде жоғары технологиялық медициналық көмектің бірнеше түрі енгізілген. Енді телемедицина да дамитын болады.