164
9 сентября 2022

ШҚО-да таңғажайып артефактілер табылып жатыр

Археологтар «Алтай – түркі әлемінің алтын бесігі» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясы барысында қазба жұмыстрының нәтижесіне тоқталды, деп хабарлайды YK-news.kz тілшісі.

Қыркүйек айының 9-ы күні Өскеменде «Алтай – түркі әлемінің алтын бесігі» («Алтай — золотая колыбель тюркского мира») атты Халықаралық конференция өтті. Шара барысында тәжірибелі археологтар Шығыс Қазақстанда табылған ерекше заттар жайлы толығырақ баяндап берді.

2016 жылдан бастап облыста «Археология саласындағы ғылыми-зерттеу жұмысы мен оны дамыту бағдарламасы» жүзеге асырылуда. Жалпы, осы конференция атқарылып жатқан жұмыс туралы есеп беруге мүмкіндік беретін дәстүрлі форматтағы шараға айналғандай.

– 2016 жылы мен археологтар Зейнолла Самашев, Әбдеш Төлеубаевпен бірге бірнеше жерде болдым. Тарбағатай ауданында барып, қызығушылық тудырған қорғандарды тексердік. Тағы бірнеше кішкентай қорғандар болды, бірақ оларға мән бермедік. Дегенмен Зейнолла Самашұлы оларға назар аударып, солардың бірінен Алтын жауынгер табылды, – деп бөлісті ШҚО әкімі Даниал Ахметов.

Содан бері елдің мұражай қорына енген 26 мыңнан астам құнды артефактілерді жинауға мүмкіндік туды. Ал ең үздіктері Кембридждегі мұражайда ұйымдастырылған «Ұлы дала алтыны» көрмесіне қойылды.

«Ұлы дала алтыны» көрмесі Ұлыбританиядағы Фицуильяма мұражайында ұсынылды. Жалпы алғанда, Елеке сазы, Шілікті және Берел қорымдарын қазу кезінде табылған экспонаттар екі залды алды. Ұйымдастырушылар көрменің ойдағыдай өтуіне жан-жақты мән беріпті. Қабырғалардың түсінен бастап көрме залдарының ішкі орналасуына дейінгі барлық ұсақ-түйек бөлшектерін мұқият ойластырған.

– 2019 жылдың желтоқсан айында Фицуильяма мұражайы және Шығыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану мұражайы  ШҚО мәдениет басқармасының қолдауымен серіктестікті бастады. Оның түпкі мақсаты – қазба жұмыстары кезінде еліміздің шығысында сақ кезеңінде табылған алтын артефактілердің ерекше көрмесін ұйымдастыру, – деді Фицуильяма мұражайы директорының орынбасары Нил Спенсер.

Айтпақшы, пандемияға байланысты көрмені дайындау кезінде айтарлықтай қиындықтар туындады.

– Қазақстан мен Ұлыбритания арасында тікелей байланыс болмағандықтан экспонаттар Шығыс Қазақстаннан Кембриджге жету үшін біршама қашықтықты еңсерді, – деп атап өтті Нил Спенсер.

Артефактілерді көпке көрсету үшін арнайы стендтер жасалды. Қазір олар өлкетану мұражайына берілді.

– Келушілерге сапалы етіп қалпына келтірілген сақ костюмдері қатты ұнады, әсіресе, олардың жанында шынайы артефактілерді көру тіптен әсерлі болды, – деді спикер.

Көрмені сүйемелдеуде ұйымдастырушылар арнайы дәріс бағдарламасын әзірледі. Келушілер мен сыншылар осыны мінсіз ұйымдастыру үшін кеткен қайрат-қажырды лайықты бағалады.

– Пандемия кезіндегі қатаң шектеулерге қарамастан, көрмеге 25 000-нан астам адам келді, – деді конференцияның арнайы қонағы. – Көрмені талай адам мойындады. Ай сайынғы орташа аудиториясы 27 миллион адамды құрайтын «Guardian» газеті көрмені үздік деп атап, «жүрекке жігер құяды екен» деп бағалады. Орташа айлық ауқымы 12 миллионға жуық адамды құрайтын «Telegraph» газеті көрмеге жақсы деген баға беріп, «барлық экспонаттар көз тартарлық екен» десті.

Қысқасы, облыс басшылығы аталған жобаның елдер арасында тығыз қарым-қатынас орнатуға жол ашатындығына сенім білдірді.

– Әзірше жалғыз көрмені Еуропадағы, әлемдегі ең көрнекті ғылыми-білім беру орталықтарының бірінде, яғни Кембридж университетінде өткізудің сәті түсті. Ынтымақтастықты одан әрі жалғастырамыз деп үміттенемін, – деді ШҚО әкімі Даниал Ахметов.

Ауқымды көрме осымен қорытындыланған жоқ, қайта Шығыс Қазақстандағы археологтардың қазір атқарып жатқан жұмысының бір көрінісі іспетті еді. Ескерткіштер әлі де зерттелуде.

– Елеке сазы аумағында қыс ұзақ, жаз қысқа. Біз бұл аймақ жайлау ретінде қолданылды деп ойлап едік, бірақ ол жерден қола дәуіріне жататын тұрғын үйлері мен қоныстарды таптық. Яғни, шамамен 4 мың жыл бұрын осы алқапты малшылар мен диқандар мекендеген, – деп мәлімдеді тарихшы Әбдеш Төлеубаев.

Спикердің айтуынша, алқапта екі қатар етіп тастан салынған тұрғын үйлер табылған. Қабырғалар арасындағы кеңістікті жылы ұстау үшін аралық топырақпен толтырды.

Биыл Зейнолла Самашев пен Әбдеш Төлуебаевтың басшылық етулерімен 500 шаршы метрден астам аумақ қазылды. Нәтижесінде ғалымдар керамиканың көптеген жеке фрагменттерін, сүйектен жасалған құралдарды, қола қазандығының сынықтарын тапты.

– Бұл Елеке сазы аумағында зерттелген қоныстану типіндегі алғашқы ескерткіш. Менің ойымша, су тарту құрылғыларына қарап Елеке сазы халқы егіншілікпен айналысқан сияқты, – деді Әбдеш Толубаев.

Су қабылдағыш құрылысының іздерін сайда ағып жатқан өзенге қарап байқауға болады.

Тарбағатай ауданынан табылған ескерткіштер ертедегі көшпенділердің өміріне өң беруге көмектескендей. Бірақ ғалымдар болашақта небір ашулар болатындығына сенім білдірді. Өйткені Елеке сазы аумағындағы жұмыстар әлі жалғасып жатыр.

– Біз әлдебір салт-дәстүрге қатысты мағына беретін тас шеңберді таптық. Келесі жылы қазып, тазалаймыз, – деді Әбдеш Төлеубаев.

Басқа нысандар қарқынды зерттеліп жатыр. Мысалы, топырақ үйіндісімен қоршалған орталық ғибадатхана, сондай-ақ оның қосымша құрылыстары.

– Ғибадатхана 2018 жылдан бері зерттеліп келеді. Бірақ қазба жұмыстарын толығымен аяқтау үшін тағы екі жыл қажет болатын сияқты, – деді Зейнолла Самашев өз сөзінде. – Ендігісі, ғибадатхананың сатылы пирамида түрінде салынғаны белгілі болды.

Айтпақшы, ғалымдарды ғибадатхананы кеңейту жағы ерекше қызықтырды.

– Бұл өте қызықты құрылыс. Ежелгі түркі әлемінде ондай болған жоқ, – деп түсіндірді археолог.

0
0
0
0
0
0