Даниал Ахметов: алда Бұқтырма жағалауын абаттандыру бойынша маңызды жобалар қолға алынбақ
ШҚО әкімі Даниал Ахметов Алтай ауданына барып, алдағы уақытта жүзеге асыруды басшылыққа алған жоспарымен бөлісті, деп хабарлайды YK-news.kz тілшісі.
Айта кетейік, қыркүйек айының 13-і күні Алтай ауданының әкімі болып Ернар Мұстафин тағайындалған болатын. Жауапты тұлға осыған дейін ШҚО кәсіпкерлік және индустриялды-инновациялы даму басқармасының басшысы қызметін атқарған. Аймақ басшысы Ернар Мұстафиннің алдында бірқатар тапсырмалар барын айтты.
– Ең алдымен, бұл – Алтай қаласының су тартқышын қайта жаңартуды аяқтау, қысқа мерзімде заманауи фитнес-орталық салу жобасын әзірлеу. Сондай-ақ ауданда жаңа мектеп салу жобасын дайындау міндеті тұр, – деді Даниал Кенжетайұлы.
Өңір басшысы Серебрянск қаласының келешегі жайлы жеке тоқталды.
– Серебрянск қаласына келетін болсақ, мұнда сумен жабдықтау бойынша жоба аяқталу сатысында, қазіргі уақытта ол сараптамадан өтуде. Серебрянск органикалық емес өндіріс зауытына келетін болсақ, бүгінде барлық заңды рәсімдер жүргізіліп, олар уақытты қажет етуде. Зауытты іске қосу алгоритмі әзірленді. Жақын арада кәсіпорын өз жұмысын бастайды, – дей келе мынаған тоқталды: – Жобаны түзеткеннен кейін біз Өскемен – Алтай – Үлкен Нарын – Катонқарағай – Рахман қайнарлары жолын жөндеуді жандандырамыз.
Айта кетейік, тақырып Осины асуының айналма жолы жайлы.
– Жалпы, бүгінде Алтай – қарқынды дамып келе жатқан аудан, – деді Даниал Ахметов. – Өткен жылдар ішінде маңызды инфрақұрылымдық және ең алдымен, жылумен жабдықтау мәселелері шешілді. Алдағы уақытта Бұқтырма су қоймасы мен Жаңа Бұқтырма кентінің жағалауын абаттандырумен байланысты маңызды жобалар, сондай-ақ құрылыс және әлеуметтік саладағы жобалар іске асырылады.