150
17 октября 2022

Шығыс Қазақстанда қоқыс сұрыптау зауыты іске қосылды

17 қазанда Өскеменде еліміздегі алғашқы автоматтандырылған тұрмыстық қатты қалдықтарды сұрыптау зауыты іске қосылды. Нысанды жобалаумен және жабдықты жеткізумен "SABO" грек компаниясы айналысты, деп хабарлайды YK-news.kz тілшісі.

Нысанды іске қосқан ШҚО әкімі Даниал Ахметов бірінші кезекте қоқысты бөлек жинауды жолға қою керектігін атап өтті. Бұрын адамдар лақтырып тастайтын немесе өртеп жіберетін қоқыс енді қайта өңдеудің нәтижесінде пайда түсіре бастайды.

– Біз экология туралы көп айтамыз. Оны зауыттармен байланыстыратындығымыз да жөн. Бірақ мәселенің тағы бір қыры бар, ол өзіміз жасайтын экология. Осы жағымен де айналысқан жөн, – деп атап өтті Даниал Кенжетайұлы.

Әзірге зауытқа аралас қоқыс келеді. Бөлек жинау жүйесі жолға қойылған кезде зауыт жұмысының тиімділігі артады.

– Грецияда дәл осылай бастаған болатынбыз. Бізде аралас қоқыс бар және 10 жыл бойы халықтың менталитетін өзгертуге тырысып келеміз, – деп атап өтті "SABO" компаниясының өкілі. – Қазір қол жеткізген жетістігіміз – барлық жерде контейнерлер орнатылған. Біз жұрттан үйдегі қоқысын сұрыптауды сұрамаймыз, тым құрығанда қайта өңделетін заттар – бір контейнерге, қалғаны – екіншісіне деген принцип бойынша салуды сұраймыз. Он жыл өтсе де біз 100 пайыз қоқысты бөліп жинауға қол жеткізген жоқпыз. Жағдай шамамен 50-де 50. Сондықтан қалаларда орналастырылған желілер бастапқыда аралас қалдықтарды қабылдауға арналған болуы керек. Бұдан ешқайда қашып құтылмаймыз.

Айтпақшы, зауыттың өнімділігі сағатына 25 тонна қоқысты  құрайды.

0
0
0
0
0
0