230
20 октября 2022

Өскеменде аяқталмаған құрылыс орнында мектеп пайда болады

Заманауи жоба бойынша салынған оқу орны Жібек маталар ауданы шағын ауданында ашылады деп хабарлайды YK-news.kz тілшісі.

Білім саласындағы жаңа жоба туралы Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов хабарлады.

— ЖМА шағын ауданындағы аяқталмаған нысан естеріңізде болар. Бастапқы жоба бойынша ҚР білім және ғылым министрлігі онда машина жасау колледжін салуы тиіс еді, алайда жоба аяқсыз қалған, ал аумақ ұзақ уақыт бойы қараусыз қалып отыр. Қазір аяқталмаған құрылыс нысаны  облыс балансына берілді, біз жақын арада физика, математика, информатика және басқа да нақты ғылымдарда дарынды балаларға арналған 900 орындық мектеп салуды бастаймыз, — деді Даниал Кенжетайұлы.

Ол сондай-ақ жаңа мектепте ШҚО-ның басқа аудандарынан келген балаларға арналған 160 орындық интернат қарастырылатынын айтты.

Оқу орны "жайлы мектеп" жобасына толық сәйкес келеді. Кабинеттер барлық стандарттар бойынша жабдықталады. Үлкен спорт зал, бассейн және 300 орындық асхана болады.

— Енді құрылысшылар барлық сақталған құрылыстардың жарамдылығына сараптама жүргізеді. Қалпына келтіруге болмайтын нәрсе, әрине, бұзылады да, жоба толығымен қауіпсіз болмақ, — деп атап өтті өңір әкімі.

Оқу үдерісіне ең мықты профессор-оқытушылар құрамы тартылатыны да айтылды. Мұғалімдер үшін жайлы жатақхана да салынады.

— Бұдан басқа, жақын арада біз ЖМА-ның қарқынды дамып келе жатқан ауданында типтік жоба бойынша 600 орындық мектеп салуды бастаймыз, — деді Ахметов мырза. — Мен сондай-ақ бейінді ведомстволарға осы шағын аудандағы аяқталмаған балабақша ғимаратына назар аударуды тапсырдым. Бүгінгі күні жекеменшік иесіне нысанды аяқтауы үшін ұсынуға болатын механизмдер бар.

1
0
0
0
0
0