1.4 тыс.
21 марта 2024

Өскеменде «Айсұлу» операсының премьерасы өтті

«Шығыс Қазақстан облыстық филармониясы» КМҚК көрермендер залында ШҚО әкімінің қатысуымен Наурыз мейрамының қарсаңында және композитор, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, КСРО халық әртісі Сыдық Мұхамеджановтың 100 жылдығына орай «Айсұлу» операсының премьерасы өтті.

Қазақ музыка театры тарихындағы тұңғыш «Айсұлу» комедия операсы 1964 жылы халық назарына ұсынылған. Сыдық Мұхамеджанов «Ай­­сұлу» операсын дарынды опера ән­шісі, Қазақстанның халық әртісі Айсұлу Байқадамовға арнады. Оқиға желісіне қарапайым қазақ жастарының өмірі арқау болды. Арада 60 жыл өтсе де, туынды өнер сахнасынан өшкен жоқ. 

Бұл ретте премьераға келгендер қарасы көп. Облыс әкімі Ермек Көшербаев салтанатты шараны арнайы келіп тамашалады

Комедиялық опера үш әрекеттен тұрады. Әр бөлімнің алдында монолог оқылып, кейін жас өнерпаздар әртістік шеберлігімен қала жұртын тамсандырды. Премьерада махаббат пен адалдық, арманға жету жолындағы табандылық дәріптелді. Жас ғашықтар арасындағы әзіл мен қалжыңға толы сәттер де көрсетілген. Комедия мен лирика ұштасқан шығарманың мән-мағынасы бүгінгі күні де өзекті саналады. Қазақ қыздарының болмысы қойылым барысында ерекше суреттелді. Басты кейіпкерлер Айсұлу мен Серкенің образдары да өнерсүйер қауымның көңілінен шықты. 

Мәдени шараға ҚР еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері Александр Галсанов дирижерлік еткен Шығыс Қазақстан облысы әкімінің симфониялық оркестрі, Халық әртістері ағайынды Абдулинндер атындағы ШҚӨУ студенттік хоры, хормейстер Әсел Темірова, «Алтай» халық би ансамблінің көркемдік жетекшісі Тимур Қожахметов, «Ертіс концерт» ұжымының солистері мен арнайы шақырылған солистер — Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық концерваториясының студенті Данияр Айткужинов пен ҚазҰӨУ студенті Дарын Бисаринов қатысты.

Қойылым жастық пен махаббат мерекесімен аяқталды. Ерекше әсер алған көрермендер сахна төріндегі өнерпаздарға гүл шоқтарын табыстап, ізгі ниеттерін білдірді. 

Қымбат Мухамадиева

7
0
0
0
0
1