323
1 апреля 2024

Онкологиялық орталыққа ашық есік күні облыстық 100-ден астам шығысқазақстандықтар келді

Ішектің қатерлі ісігі бүгінде Шығыс Қазақстан мен әлемде кең таралған онкопатологиялардың бірі болып қала береді. Ол қатерлі ісіктердің барлық түрлерінің ішінде үшінші орында тұр. Өткен жылы ШҚО-да колоректальды қатерлі ісіктің 200-ден астам жаңа жағдайы анықталды. 30 наурыз күні дәрігерлер тегін тексеруден өтуге ниет білдіргендердің бәріне Шығыс Қазақстан облыстық көпсалалы онкология және хирургия орталығының есігін айқара ашты.

Іс-шара ішек пен әйел жыныс мүшелерінің қатерлі ісіктері туралы хабардар болу айлығы аясында өтті. Біздің жерлестеріміз өз денсаулығын МӘМС жүйесіндегі мәртебесіне қарамастан, ешқандай жолдамасыз тексерілуге мүмкіндік алды. Пациенттерді қабылдау сағат 9.00-ден 13.00-ге дейін созылды. Оның барысында онкологтың білікті кеңесінен кейін көрсеткіштері бойынша қажетті тексерулерден өтуге болатын. Бұл күні дәрігерлердің алдынан 130-дан астам пациент өтті. Қатерсіз ісіктің 60-қа жуық жағдайы анықталды, олардың кейбіреулері уақтылы емделмеген жағдайда қатерлі ісікке айналып кетуі мүмкін.

— Мұндай іс-шаралар патологияны бастапқы кезеңдерде анықтауға мүмкіндік беріп, емдеудің сәтті өтуіне кепілдік береді, — деп түсіндірді Көпсалалы онкология және хирургия орталығының (КОХО) жоғары санатты онкохирургі Ербол Құсайынов. — Біздің онкологиялық орталықта колоректальды обырды диагностикалау және емдеу үшін қажет жабдықтың бәрі бар. Седация кезінде фиброколоноскопия, сондай-ақ КТ бақылауындағы виртуалды колоноскопия тиімді қолданылуда.

Айта кету керек, наурыз айында планеталық масштабта адам папиллома вирусымен күрес күні өтті. Ғалымдар оның кейбір штамдары әйелдердің жатыр мойны обырын тудыруы мүмкін екенін дәлелдеп отыр, ол ауру түрі таралуы бойынша әлемде екінші орында тұр екен. Өткен ашық есік күні аясында КОХО онкологтары әйелдердің жыныс аймағының қатерлі патологиясын анықтау үшін пациенттерді тексеруден өткізіп, кеңес берді.

Естеріңізге сала кетейік, қыркүйек айынан бастап ШҚО мектептерінде 11 жастағы қыздарды адам папилломавирусына қарсы жаппай вакцинациялау басталады.

1
0
0
0
0
0