Өскеменде дәрігерлер аутизммен ауыратын балаларды тегін қабылдады
Облыс орталығының № 2 қалалық емханасында Дүниежүзілік аутизм мәселесі туралы ақпарат тарату күніне арналған ашық есік күні өтті.
Аутизм спектрінің бұзылуынан (АСД) зардап шегетін балалары бар ата-аналар мамандардан тегін кеңес алу мүмкіндігіне ие болды.
— Біздің емханада АСД ерте диагностикасына ерекше көңіл бөлінеді, — деді емхананың бас дәрігерінің міндетін атқарушы Жансая Мәлиева. — Біздің мамандар ата-аналармен аутизмнің алғашқы белгілері туралы әңгімелеседі. Балалар мен ата-аналармен әңгімелесуді педиатр-дәрігерлер, учаскелік медбикелер, СӨС медбикелері, психологтар, емхананың әлеуметтік қызметкерлері жүргізеді. Мұндай ашық есік күндерін біз кесте бойынша өткіземіз.
Мекеме басшысының айтуынша, АСД эмоционалды көріністердің айқын жетіспеушілігі бар ауыр психологиялық бұзылуларға жатады. Мұқият ата-аналар баласының бойындағы аутизмнің алғашқы белгілерін бір жасқа дейінгі аралықта байқай алады. Өмірдің алғашқы айларында мұндай балалар жарқын ойыншықтарға аз қызығушылық танытады, көп қозғалмайды, олардың ым-ишарасы әлсіз. Аутизммен ауыратын нәрестелердің қол бұлшықеттерінің тонусы қалыпты дамыса да, жақын маңдағы заттарға қызығушылық танытпайды, оларды ұстауға тырыспайды.
— Қабылдау балаларға арналған "M-CHAT-R" деп аталатын аутизм бойынша модификацияланған скринингтік тест арқылы жүзеге асырылады. Ол АСД анықтауға көмектеседі, — деді Жансая Мәлиева.
Аурухана дәрігерлері атап өткендей, Өскеменде және әлемде АСД бар балалар саны жылдан жылға артып келеді екен. Бұл урбанизацияның дамуымен байланысты. Тұлғааралық қарым-қатынастың жетіспеушілігі баланың әрең әлеуметтенуіне әкеп соғады.
— Біздің клиникада осындай 28 бала тіркелген, — деп нақтылады невропатолог Азамат Райымбеков. — Бірақ аутизм әлем бойынша ауру санатына жатпайды және адамның жағдайы болып саналады. Статистикаға сәйкес, кішкентай пациенттердің төрттен бір бөлігі ғана әлеуметтене алады. Дегенмен, аутизмнің ремиссиясы туралы нақты статистика әлемде жоқ. Баланың қаншалықты сауығып кеткенін түсіну өте қиын.
Жансая Мәлиева мұндай ашық есік күндері жақсы нәтиже беретінін атап өтті. Аутизмге арналған қабылдаудан басқа, келесі күні емханада жоспар бойынша әйелдерге жатыр мойны обырына қатысты кеңес берулер өткізілді. Сондай-ақ қант диабеті және артериялық гипертензия тақырыптары бойынша қабылдаулар болды.