213
16 апреля 2024

IT-идеялармен бөлісті

Қазақстандағы ғылым қызметкерлері күні Оралхан Бөкей атындағы Орталық қалалық кітапханада «Болашақ Сәтбаевтар / «Жасанды интеллект игілігін игер» атты жасанды интеллект технологияларын қолдану бойынша қалалық зерттеу жұмыстарының байқауының қатысушыларын марапаттау рәсімі өтті. Жастарды заманауи технологиялар мен ғылыммен таныстыруды мақсат еткен шараға 30-ға жуық мектеп оқушысы қатысты.

Байқау әлемге әйгілі ғалым, Қазақстан Ғылым академиясының тұңғыш президенті, қоғам қайраткері Қаныш Сәтбаевтың 125 жылдығына арналды. Аты аңызға айналған ғалым бүгінгі күнге дейін еліміздің экономикалық жағдайы мен дамуына әсер етіп отырған ауқымды қазақстандық жобаларды әзірлеуге және жүзеге асыруға атсалысты.

Оның геологияның ғылым ретінде дамуына қосқан үлесі ерекше бағаланады. Қаныш Сәтбаев Маңғышлақ түбегінің табиғи ресурстарын жан-жақты зерделеп, көмір, мұнай, газ, қара металлургия кендерінің жаңа кен орындарын кешенді зерттеуге өзі жетекшілік етіп, Ертіс-Қарағанды ​​каналының құрылысына белсенді түрде қолдау көрсетті. Ол Қазақстанда металлогения мектебін құрып, оны басқарды. Ол жасаған формациялық металлогендік талдаудың кешенді тәсілі геология ғылымы мен практикасы үшін іргетас болды.

— Компьютерлік бағдарламаларға негізделген «Болашақ Сәтбаевтар» жасанды интеллект технологияларын қолдану жөніндегі зерттеу жұмыстары байқауының мақсаты – мектеп оқушыларының шығармашылық әлеуетін және жасанды интеллектті зерттеуге қызығушылығын дамыту, кейіннен оқушыларға түрлі пәндер бойынша көмек беретін жасанды интеллект саласындағы білім, білік және дағды деңгейін арттыру, сондай-ақ жас ғалымдарға қолдау көрсететін инновациялық IT өнімдерін жасауға көмектесу, — деп атап өтті кітапхана меңгерушісінің кітапхана ісі жөніндегі орынбасары Жанат Жиенбекова.

Мектеп оқушыларының алдында компьютер, мобильді немесе оқуға көмектесетін басқа да қосымшалар түріндегі авторлық IT өнімін жасау міндеті тұрды. Байқауға қатысушылар өз әзірлемелерінде нейрондық желілер, машиналық оқыту, компьютерлік көру және т.б. әдістерді қолданды.

Байқауға өтінімдер 15 қаңтар – 7 сәуір аралығында қабылданды. Содан кейін екі жас категориясы бойынша (12 – 14 және 15 – 18 жас) байқау жұмыстарын қазылар алқасы қарады.

Жастардың жұмысын жан-жақты саралап, бағалаған қазылар алқасының құрамында экономика ғылымдарының кандидаты, Д.Серікбаев атындағы ШҚТУ цифрлық технологиялар және жасанды интеллект мектебінің профессоры Индира Уәлиева, С.Аманжолов атындағы ШҚУ «Компьютерлік модельдеу және ақпараттық технологиялар» кафедрасының оқытушысы Бақытжан Көпжасаров, ҚАЕУ «Бизнес» кафедрасының аға оқытушысы Азамат Бердібекұлы болды.

Балаларды Өскемен қаласы әкімінің орынбасары Ирина Смит құттықтап, байқауға облыс орталығының көптеген мектептері қатысқанын баса айтты.

Жас ғалымдардың үздік жұмыстары арнайы кубоктармен, дипломдармен және кітапханалар мен жоғары оқу орындарының жүлделерімен марапатталды.

Төрт жеңімпаз айырықша жұмыстары — бірегей авторлық әзірлемелері үшін дипломдар алды.

О.Бөкей атындағы орталық қалалық кітапхана Абай атындағы № 33 орта мектептің сегізінші сынып оқушысы Інжу Кенжеханқызының «Python бағдарламалау ортасында бейне тануды жүзеге асыру үдерісін енгізу» атты еңбегін ерекше атап өтті.

Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университеті Асылай Жеңісбекованың (Химиялық-биологиялық бағыттағы Назарбаев Зияткерлік мектебі, 11-сынып) «Қазақ тілін оқу бойынша қосымша» жобасын мадақтап, оған диплом табыс етсе, қала әкімінің орынбасары Ирина Смит оған кубок табыс етті.

Қазақстан-Американдық еркін университеті Назарбаев Зияткерлік мектебінің 11-сынып оқушысы Камила Оралбекованы университетке оқуға қабылданғаны туралы сертификат пен сыйлықтар табыстап, марапаттады. Оның «StAI – мобильді қосымша» әзірлемесінің мәні мынада: StAI мобильді қосымшасы арқылы пайдаланушы әртүрлі подкастарға, кітаптарға және әртүрлі тақырыптық пікірталас бейне-қоңырауларына қосыла алады, сонымен қатар оларды өз бетінше жасай алады, оған қоса, арнайы сабақтар мен білім беру саласындағы жасанды интеллектке қол жеткізе алады.

С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университеті мақтауға ие болған облыстық мамандандырылған ІТ мектеп-лицейінің 6-сынып оқушысы Виктор Федоровтың бейне 3D моделі (bandicam) негізінде жасалған жобаға қызығушылық танытты.

Басқа да қызықты жұмыстар болды. Олардың ішінде, мысалы, Меновное орта мектебінің оқушысы Александра Кудрявцеваның «Өлшемдердің метрлік жүйесінің ондық тіркемелерін айырбастауға арналған қосымшаны құру» жобасы.

Ғылым мен заманауи технологияларды меңгеруге деген құлшынысын арттыру мақсатында сайысқа қатысушылардың барлығы Алғыс хаттармен марапатталды.

0
0
0
0
0
0