ШҚО жолшылары: қар тазалау техникасы жетіспейді, бірақ шешу жолы бар
Қысқа дайындық көктайғаққа қарсы материалдарды дайындауды, қауіпті учаскелерде уақытша жол белгілерін орнатуды және т.б. жұмыстарды қамтиды. Бірақ, әрине, ең бастысы – қар тазалайтын техниканың дайындығы мен жеткілікті мөлшері деп хабарлайды YK-news.kz тілшісі.
— Біздегі қардың қандай көлемде және қарқындылықпен түсетінін ескерсек, әрине, техника жетіспейді, — деп түсіндірді "Облшығысжол" ЖШС жол қозғалысы қауіпсіздігі қызметінің бастығы Ришат Күдербаев. — Бірақ биыл біз фермерлік шаруашылықтармен және келесі жылға ауысқан жолдарды орташа жөндеу жұмыстарымен айналысатын мердігерлермен ниеттер туралы шарт жасастық. Форс-мажор жағдайында олар бізге техникамен көмектеседі.
Сонымен бірге, бұл жағдайда да уақытты ұстану әрдайым мүмкін емес екенін атап өтті, өйткені жолды тазалауға уақыт қажет, ал жауын-шашын ұзақ уақытқа созылуы мүмкін. Сондықтан, жолшылар барлық автокөлік жүргізушілерін қыста ұзақ сапарға шықпас бұрын, ауа-райының болжамын қарап, "DARMEN" қосымшасына кіріп, жол жағдайы туралы біліп алуға шақырады.
Сондай-ақ, облыстық және жергілікті жолдар бойынша ақпаратты тікелей "Облшығысжол" ЖШС-іне 8(7232)57-42-52, 8-705-79-80-599 телефондары бойынша, республикалық маңызы бар трассалар бойынша — "Қажсервис" ЖШС-іне 8(7232)26-26-82, 8-777-535-89-08 телефондары бойынша жүгінуге болады.
Сонымен қатар, жолшылар жүргізушілерге жолға шыққанда күрек алып жүруге кеңес береді.
— Біз жол жиектерінде құм-қиыршық тас қоспасы қорларын жасап жатырмыз, ал бізге жұрт көктайғақтың салдарынан өрге шыға алмайтынын айтып, шағымданады, — деп бөлісті Ришат Құдербаев. — Жол жиегінде құм бар, бірақ автокөлік жүргізушісінде тайғақ жерге құм себетін күрек жоқ.
ТЖ жою басқармасы бастығының міндетін атқарушы Ернар Жалелов сонымен қатар қыста жолға шығатын жүргізушілерге жылы заттар мен 2-3 майшам алып жүруді ұсынды.
— Автокөліктің салонында мәжбүрлі қамалған адам улануы мүмкін, ал майшам көмек күтіп тұрғанда жеткілікті мөлшерде жылу да береді, — дейді азаматтық қорғау полковнигі Жәлелов.