31
19 августа 2025

Өскеменде ең ірі халықаралық автошерулердің бірі Mongol Rally-дің ақтық мәресі өтеді

Mongol Rally дәстүрлі мағынадағы жылдамдық жарысы немесе халықаралық сайыс емес. Бұл шағын литражды көліктерге мінген қатысушылардың Еуропадан Моңғолияға нақты маршрутсыз, тек өздерінің навигациялық дағдылары мен импровизациясына сүйене отырып, ұйымдастырушылардың көмегі мен қолдауынсыз жүретін шытырман оқиғасы.

Биыл да 13 шілдеде Прагада басталып, ондаған елдерден жиналған 106 команда мен 273 қатысушыны біріктірген бірегей маршруттың мәресі біздің қалада өтетін болады.

Финал 16 және 23 тамызда өтеді. 16 тамызда қалаға 19 команда (55 адам) келсе, 23 тамызда тағы 57 команда (146 адам) келеді деп күтілуде. Негізгі мәрелік іс-шаралар мен қатысушылардың жиналуы 23 тамызда сағат 14.30-да Достық үйінің жанындағы алаңда (Назарбаев даңғылы, 68) өтпек. Өткен жылғы Mongol Rally финалы қала тұрғындарының қызығушылығын тудырып, өңірдің туристік күнтізбесіндегі айтулы оқиғаға айналды. Ұйымдастырушылар биылғы іс-шара бағдарламасының одан да қызықты, ал дайындықтың ауқымды бола түскенін атап өтті. Шығыс Қазақстан облысы әлемнің түкпір-түкпірінен келген саяхатшылардың назарын аударатын іс-шаралар туризмінің орталығы ретінде өңірдің мәртебесін нығайтуға ниетті. Ал Өскемендегі халықаралық автошерудің мәреге жетуі сияқты жарқын оқиға бұған өз септігін тигізуде.

ШҚО полиция департаменті мәрелік іс-шаралардың өткізілуіне өз үлесін қосты. 16 тамызда, автошерудің алғашқы қатысушылары мәреге жеткен күні, ШҚО ПД киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының және есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері ерекше акция өткізді: олар қала тұрғындары мен қонақтарына интернеттегі қауіпсіз мінез-құлық ережелерін еске салып, кибералаяқтық қаупінен сақтандырып, салауатты өмір салтын ұстануға шақырды. Тәртіп сақшылары қатысушыларға брендтелген кепка мен футболкаларды сыйға тартты. Ең белсенді қатысушылар профилактикалық стикерлерді өз көліктеріне орналастырды. Енді цифрлық және қоғамдық қауіпсіздік туралы хабарлама Mongol Rally қатысушылармен бірге ондаған елді аралап саяхатын жалғастыратын болады.

Қала тұрғындары мен қонақтарын халықаралық автошеру қатысушылармен бірге мерекелік атмосфераны сезіну үшін 23 тамызда өтетін Mongol Rally-дің ақтық кезеңіне қатысуға шақырады.

0
0
0
0
0
0