Өскеменде жастар білім алып, жасампаздық танытып, армандарын жүзеге асырады
Биыл облыс орталығында жастар ресурстық орталығы — «Jastar Oskemen» заманауи комьюнити-орталығы ашылды. Жаңа хаб бос уақытты өткізу алаңы ғана емес, сонымен қатар идеялар мен жобалардың жүзеге асатын, мансапты бастауға көмектесетін орынға айналды.
Өскемен қаласының 90 мыңнан астам тұрғыны — бұл 14 пен 35 жас аралығындағы жастар. Облыс орталығы бүгінде өсу мен өзін-өзі жүзеге асыру үшін барлық мүмкіндіктері бар қала ретінде беделін нығайтуда. Мұнда 20 колледж бен үш ірі жоғары оқу орны жұмыс істейді, онда жастар гуманитарлық және техникалық бағыттарда білім ала алады. Әр түрлі спорт түрлерімен (жеңіл атлетика, жүзу, теннис, хоккей) айналысу үшін спорт кешендері ашылған, олардың ішіндегі ең ірілері — «Ольга Рыпакова» жеңіл атлетика орталығы, Теннис орталығы және Б. Александров атындағы спорт сарайы. Ал осы жылы жастардың тартылыс нүктесіне айналып үлгерген тағы бір нысан пайда болды.
«Jastar Oskemen» Жібек жолы көшесі, 3 мекенжайы бойынша орналасқан және жұмысының алғашқы күндерінен бастап оқушылардың, студенттердің, жұмысшы жастардың және ісін жаңадан бастаған кәсіпкерлердің назарын өзіне аударды.
— Комьюнити-орталық ашылмай тұрып, біз қаладағы жастар арасында сауалнама жүргіздік, — деді орталық директоры Бақытжан Ерболқызы. — Нәтижесінде олардың осы орталықта би студиясының, дыбыс жазу студиясың және подкаст жазуға арналған орынның бар болғанын қалағаны белгілі болды. Қазіргі таңда бұл бағыттар үлкен сұранысқа, онда өткізілетін сабақтар бойынша кесте бірнеше күнге толтырылып қойған.
«Jastar Oskemen» архитектурасы мен ішкі құрылымы әркім өз қалауы бойынша айналысқысы келетін ісін таба алатындай етіп жасалған. Бірінші корпус жас кәсіпкерлер үшін кездесу ұйымдастыруға және тәжірибе алмасуға арналған жұмыс кеңістігіне арналған. Екінші корпус — комьюнити-орталық, оның тоғыз функционалды аймағы бар: коворкинг-орталық, хореографиялық студия, дыбыс жазу студиясы, еріктілер офисі, медиа-бөлме (подкаст-аймақ), шығармашылық залы, үлкен және кіші конференц-залдар, сондай-ақ пікірталас және Көңілді тапқырлар клубы мен «Жайдарман» ойындарына дайындық бөлмелері.
Өзін-өзі көрсетуге арналған алаңдар
Дыбыс жазу және хореография студияларында жаңадан бастап отырған орындаушылар мен бишілер нөмірлерін ойластырып, фестивальдар мен конкурстарда өнер көрсетуге дайындалады. Сондай-ақ «Jastar Oskemen»-де дарынды жастар үшін концерттер де ұйымдастырылады. Бұл оларға сахнада өнер көрсету тәжірибесін жинақтауға және өз аудиториясын, алғашқы жанкүйерлерін табуға көмектеседі.
Медиа-орталықта жастар сұхбат алып, белсенді құрдастарының өмірі, кәсіби жетістіктері мен мансаптары туралы әңгімелейтін бейнероликтер мен подкасттар жасайды.
— Біз «Қазақстан аруы – 2024» ұлттық сұлулық байқауының жеңімпазы, жерлесімізден сұхбат алдық, — деп бөлісті С. Аманжолов атындағы ШҚУ студенті Амина Бақытбекова. — Спортшылармен де сұхбаттасамыз: біздің қаламызда көптеген дарынды жастар бар. Бұрын жазба жасау үшін бөлмені жалға алуға мәжбүр болатынбыз. Бұл ыңғайсыз әрі қымбат. Енді қалағандардың барлығы мұнда келіп, подкаст, сұхбат немесе бағдарламаны кәсіби деңгейде тегін жаза алады.
Амина жастар ресурстық орталығына жиі келеді және ерекше, сондай-ақ айтары бар адамдармен сөйлескенді, олар туралы бағдарламалар жасағанды ұнатады. Ол биыл қаламыздың жас кәсіпкерлерімен әңгімелесуге мүмкіндік алғанын айтты: олардың бірі –кофехана, екіншісі — оптика салонын, үшіншісі — гүл салонын ашты.
Осыған қоса комьюнити-орталықта жас кәсіпкерлер мен стартап авторлары жұмыс істеп, идеяларымен алмаса алатын, қызықты спикерлерді шақырып, кездесулер өткізетін коворкинг бар. Кіші конференц-залда сарапшылармен, психологтармен, қаржы кеңесшілерімен тренингтер мен семинарлар өткізіледі. Мұндай іс-шаралар жеке тұлғаның құзыреттіліктерін, soft skills, қаржылық сауаттылықты дамытуға көмектеседі.
Ораторлық өнермен айналысатындар үшін жастар ресурстық орталығы «Жайдарман» ойындарына, сондай-ақ облыстық және республикалық пікірталас турнирлеріне қатысуға және дайындалуға мүмкіндік береді. Комьюнити-орталыққа жиі келетіндердің қатарында пікірсайыс қозғалысының белсенді қатысушысы Жігер Сәрсенбаев бар. Оның айтуынша, Шығыс Қазақстан облысында пікірсайыс қозғалысы 11 жыл бұрын құрылған болатын және осы күнге дейін біздің пікірсайысшылар талай рет облыстық және республикалық турнирлердің жеңімпаздары атанған.
Бүгінде бізде оқушылар мен студенттер лигалары жұмыстарын табысты түрде жалғастырып келеді. Екеуінде де турнирлер қазақ және орыс тілдерінде жүйелі түрде өткізіліп тұрады. Жігер С. Аманжолов атындағы ШҚУ-да төртінші курста оқиды және 2022 жылдан бастап пікірсайыс қозғалысының үйлестірушісі болып табылады.
— «Jastar Oskemen» пайда болғанға дейін студенттер өз университеттерінің кабинеттерінде, ал оқушылар өз мектептерінде турнирлерге дайындалатын, — деді Жігер Сәрсенбаев. — Біздің облыста 300-ден астам адам пікірсайысқа тұрақты түрде қатысады. Енді біз мұнда кездесіп, дайындығымызды жүргізе аламыз. Нәтижесінде дайындығымыз мүлдем басқа деңгейге көтерілді. Біз бұған өте қуаныштымыз. Шығыс Қазақстан облысының пікірсайыс қозғалысы айтарлықтай жетістіктерге жетті және жастардың сыни ойлауын, шешендік шеберлігі мен көшбасшылық қасиеттерін дамытуға үлкен үлес қосып келеді деп санаймын.
Жастар ресурстық орталығында еріктілер офисі де белсенді жұмыс істеуде. Мұнда қарттарға көмек көрсету акциялары, экологиялық бастамалар мен әлеуметтік жобалар үйлестіріледі.
Жарқын жобалар мен фестивальдар
Қысқа уақыт ішінде «Jastar Oskemen» көптеген жастарды бір жерде жинайтын ірі іс-шаралардың алаңына айналды.
«Таза ойындар» экологиялық сенбілік ойыны Өскеменде биыл үшінші жыл өткізіліп келеді, бірақ комьюнити-орталық оның форматына түзетулер енгізді: енді қатысушылар қоқысты жинап қана қоймай, оны сұрыптайды. Бұл тәжірибені басқа аймақтар үлгі ретінде пайдалануда.
Жастар ресурстық орталығының алаңдарында кештер мен тақырыптық бағдарламалар, зияткерлік ойындар мен квиздер, концерттер мен фестивальдар өтеді. Мәселен, арасында бірінші курс студенттері мен жастар өздерінің таланттарын көрсететін «Студенттік көктем» сияқты ірі фестиваль да бар.
«Jastar Oskemen» жастар арасында жарыстар, сондай-ақ «Жайдарман» облыстық және республикалық ойындарын ұйымдастырып, оның ішінде қала әкімінің кубогын да ойнатты. Медиа-орталықта тұрақты негізде «КРАШ Jastar» айдары жүргізіледі. Онда қаламыздағы жастардың өзгелерді шабыттандыратын жетістіктері жайында айтылады.
Биылғы Жұмысшы мамандықтар жылына орай медиа-орталық тағы бір «PRO MAMAN» айдарын таныстырды, онда жастар еңбек ерлері туралы сөз қозғап, жас мамандармен кездесулер өткізеді. Комьюнити-орталық жұмысшы жастармен жүйелі түрде жұмыс жүргізуді жоспарлап отыр.
– Қаладағы алты зауыттың жанынан жастар істері жөніндегі кеңестер жұмыс істейді, олармен біз профнавигатор, кәсіпорындарға экскурсиялар, шеберлер мен инженерлердің дәрістері, жұмысшы мамандықтар конкурстары, волонтерлік акциялар сияқты бірлескен жобалар жүргіземіз, – деді Бақытжан Ерболқызы. – Білім беруге де ерекше назар аударамыз: тілдік мектептермен бірге жастарға шет тілдерін үйренуге көмектесеміз. Көпбалалы отбасылардан шыққан балалар үшін сабақтар тегін өтеді.
Бүгінде «Jastar Oskemen»-ге күнделікті жиырмадан астам жастар келіп тұрады. Бірі подкасттарды немесе әндерді жазуға келеді, екіншілері пікірталасқа немесе концертке дайындалады, ал басқалары стартаптарын іске қосу үшін қолдау іздейді. Орталықтың барлық қызметтері 35 жасқа дейінгі жастар үшін тегін, бұл оны шынымен де көпшілік үшін қолжетімді етеді.
– Мұнда әркім өзін кәсіби музыкант, биші, кәсіпкер немесе ерікті ретінде сезіне алады, – деп атап өтті орталық директоры. – Ең бастысы – талпынып көруден қорықпау.
Фотоны Jastar Oskemen жастар орталығының директоры Бақытжан Ерболқызы ұсынды