12
2 часа назад

ШҚО-да Алтай ауданын жыл бойғы демалыс орталығына айналдыруда

Аудан әкімі мұнда дәстүрлі жағажай туризмінен бөлек, мұз айдындары мен сырғанақтарды, тау шаңғысы трассаларын дамытуға басымдық беріліп отырғанын жеткізді.

Алтай ауданы бүгінде ШҚО-дағы жазғы демалыс базаларының ең көп шоғырланған аймағы болып табылады. Туризмнен түсетін табыс жыл сайын артуда. Аудан әкімі Ренат Курмамбаевтың мәліметінше, 2024 жылы аудан бюджетіне туризмнен түскен кіріс 254,9 миллион теңге болса, 2023 жылы түсімдер көлемі небәрі 68 миллион теңгені құрады.

Бұл ретте ауданның инвестициялық тартымдылығы артып келе жатқанын айта кету керек. «Altay Invest – 2025» халықаралық инвестициялық форумында Бұқтырма станциясында 400 миллион теңгеге демалыс базасын салу туралы меморандумға қол қойылды. Туризм саласындағы негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 2025 жылы 229,5 миллион теңгені құрады.

Ауданда туристік инфрақұрылым белсенді түрде дамып келеді. ШҚО-ның өзіндік «туристік астанасы» саналатын Жаңа Бұқтырмада туристер жиі келетін елді мекеннің орталығына бірнеше жылдан бері абаттандыру жұмыстары жүргізілуде. Онда жолдар жөнделіп, электр желілері тартылды, санитарлық-гигиеналық тораптар орнатылды, ескі сауда павильондары алынып тасталды. Биыл кенттен шыға берістегі демалыс базаларына апаратын жолды кеңейту жұмыстары басталған болатын.

Осы уақытқа дейін Алтай ауданындағы туристік аймақтардың басты кемшілігі маусымға тәуелді болуында еді. Мұндағы өмір жаз айларында қайнап тұрады да, қыста мүлде дерлік тоқтайды. Бірақ жергілікті табиғат жағдайлары жағажайда жатып, жасанды теңізге шомылудан басқа да демалысты жақсы өткізу мүмкіндіктерін беріп отыр.

Бүгінде альпілік шале стиліндегі коттедж қалашықтары көбейіп келеді. Жағажайдағы демалыспен қатар, тауда атпен серуендеу, жаяу жүруге арналған маршруттар мен балық аулау сияқты демалыс түрлері дамуда. «Кировский» ЖШС 50 орындық қонақ үйдің құрылысын жүргізіп, классикалық ат спортына арналған жылқыларды өсіреді. Айта кетейік, туризмнің бұл түрімен жаздан басқа мезгілдерде айналысуға болады.

Аудан орталығынан жеті шақырым жерде арқан жол, қонақ үй, демалыс үйлері бар тау шаңғысы кешені салынып жатыр.

Ренат Курмамбаевтың айтуынша, «Алтай Хамир» АӨК пен «Скаут» АӨК моншалары, қонақ үйлері мен ойын алаңдары бар белсенді демалыс базаларын салуда. «Скаутқа» келген туристер ағыны биыл бір жарым мың адамнан асты.

0
0
0
0
0
0