40
5 часов назад

ШҚО: 21 әлеуметтік нысан жақын арада аяқталады

Шығыс Қазақстан облысында білім беру, денсаулық сақтау, спорт, мәдениет және инженерлік инфрақұрылым салаларындағы 21 әлеуметтік маңызы бар нысанның құрылысы жүргізіліп жатыр. Бұл туралы ШҚО Құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысының орынбасары Ернұр Мұқатаев Өңірлік коммуникациялар қызметінің брифингінде мәлімдеді.

Білім беру саласында негізгі жоба – Риддер қаласындағы 600 орындық мектептің (инвесторлық жоба) құрылысы. Жұмыстар 2025 жылдың қаңтарында басталып, дайындық деңгейі 35%-ды құрайды, ал аяқталуы 2026 жылдың шілдесіне жоспарланған. Жарсу ауылындағы мектептің спорт кешені 98% дайын және 2025 жылдың желтоқсанында пайдалануға беріледі.

Денсаулық сақтау саласында ірі жобалар жалғасуда: Өскемен қаласындағы Гематология орталығы 90% дайын, ал Риддердегі көпбейінді аурухана 98% дайын (желтоқсан 2025 жылы тапсырылады). Сондай-ақ, (85%) және Қаратал (80%) кенттерінде дәрігерлік амбулаториялардың құрылысы, Онкология және хирургия орталығының хирургиялық корпусын жаңғырту (80%) және Ана мен бала орталығын перзентханаға қайта құру (70%) жұмыстары жүргізілуде. МРТ орналастыруға арналған ғимаратты да 2025 жылдың желтоқсанына дейін аяқтау жоспарлануда.

Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту жөніндегі ұлттық жоба аясында жоспарланған 36 нысанның 35-інде жұмыстар толығымен аяқталды. Шемонаиха ауданының Волчанка ауылындағы дәрігерлік амбулатория 98% дайын, аяқталу мерзімі — 2025 жылдың желтоқсаны.

Ауылдық жерлердегі бес спорт нысанында (Үлкен-Нарын, Марқакөл, Бозанбай, Айнабұлақ, Ақжар) құрылыс жұмыстары жалғасуда. Айнабұлақ пен Ақжар ауылдарындағы нысандардың дайындығы 95%-ды құрайды.

Жалпы, ағымдағы жылдың желтоқсанына дейін 8 нысанда құрылыс-монтаж жұмыстарын аяқтау жоспарланған. Олардың қатарында Жарсудағы спорт кешені, Волчанка мен Ахмердегі амбулаториялар, Риддердегі аурухана кешені, сондай-ақ Айнабұлақ, Бозанбай және Ақжардағы спорт нысандары бар. Жұмыстарды уақтылы және сапалы тапсыруды қамтамасыз ету үшін қаржыландыру мен жобалық құжаттама қатаң бақылауда ұсталуда.

0
0
0
0
0
0