Көктемгі жеңілдіктер: ШҚО сауда үйлері "Наурыз Fest" республикалық акциясына қосылды
Республикалық «Наурыз Fest» сауда акциясы аясында, Наурыз мейрамы қарсаңында Шығыс Қазақстан облысының тұрғындарына тауарларды қолжетімді бағамен сатып алуға қосымша мүмкіндіктер ұсынылды. Бұл бастама Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігі тарапынан қолға алынып, отандық нарықты қолдауға және халық үшін тауарлардың қолжетімділігін арттыруға бағытталған.
Аталған акцияға «City Center», «Фемели маркет», «Магнум», «A-Store» сияқты ірі сауда желілері, сондай-ақ «КП торг» және «Император» сауда үйлері мен «ТНП» сауда орталығы қатысуда.
Акция аясында азық-түлік тауарларына 5%-дан 15%-ға дейін жеңілдіктер қарастырылған. Ал «ТНП» сауда орталығында кейбір тауар санаттарына берілетін жеңілдіктер 22%-ға дейін жетеді. Сонымен қатар, азық-түлік емес тауарларға да арнайы ұсыныстар ұсынылған.
Бұл акция халықты бірінші кезектегі қажетті тауарлармен және күнделікті сұранысқа ие өнімдермен қолжетімді бағамен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Акцияны өткізу мереке қарсаңында азық-түлік пен өзге де тауарларға деген сұранысты қанағаттандырып, тұрғындардың әртүрлі санаттарының қажеттіліктерін өтеуге ықпал етеді.