125
час назад

Димаш Құдайберген және робот-металлург: ШҚО-дағы халықаралық фестиваль мыңдаған қатысушыны біріктірді

Катонқарағай ауданында «Алтай – түркі әлемінің алтын бесігі» халықаралық фестивалі екінші рет өтті. 50 мыңға жуық адам қатысқан ауқымды мәдени шараға Казцинк қолдау көрсетті.

Қонақтар үшін мазмұнды бағдарлама әзірленді. Фестиваль аясында айтыс, ұлттық ат спорты түрлерінен жарыстар, халық қолөнері көрмелері, этномәдени іс-шаралар және басқа да қызықты шаралар ұйымдастырылды. Мерекенің шарықтау шегі Қазақстанның танымал өнерпаздары мен түркі әлемі елдерінен келген орындаушылар қатысқан үлкен гала-концертке ұласты. Фестивальдің басты қонағы Димаш Құдайбергеннің өнерін тамашалауға әлемнің түкпір-түкпірінен көптеген жанкүйер жиналды.

Мәдени бағдарламамен қатар, фестивальде заманауи цифрлық әзірлемелер де таныстырылды. Экспозицияға қатысушылардың бірі Казцинк болды. Компания өндірісте енгізілген цифрлық шешімдерін көпшілік назарына ұсынды. Көрме қонақтарын жұмыс формасын киген робот-андроид қарсы алды.

– Тарихты, мәдениетті және дамуға деген ұмтылысты біріктіретін осындай жобаларды қолдау біз үшін үлкен мәртебе, – деді Казцинк әкімшілік мәселелер жөніндегі басқарушы директоры Андрей Лазарев. – Алтай – ұрпақтар сабақтастығы ерекше сезілетін киелі мекен. Жастарға өз тамырын құрметтеу мен инновацияға ұмтылу қатар жүре алатынын көрсету маңызды. Дәл осындай үйлесімнен тұрақты болашақ қалыптасады.

3
0
0
0
0
0