ШҚО. Аламан бәйге қатысушылары қомақты жүлдеге ие болды
ШҚО атынан өнер көрсеткен Манат Абдулмансұр жеңімпаз атанды
Катонқарағайда 25 шақырымдық аламан бәйге өтті. Жарыс жолына 26 шабандоз шыққанымен, мәреге бәрі бірдей жете алмады.
Мәреге жеткен алғашқы жеті қатысушы ақшалай сыйлыққа ие болды. Жетінші орын үшін 200 мың теңге көлемінде жүлде берілді. Шығыс Қазақстан облысынан Нұрали Амангелді қола жүлдегер атанып, 2 миллион теңгені ұтып алды. Екінші орын алғаны үшін Алматы облысынан келген Мерей Гарипулин 3 миллион теңгені иеленді. ШҚО атынан өнер көрсеткен жеңімпаз Манат Абдулмансұрға ШҚО әкімі Hyundai көлігінің кілтін табыс етті.
XXIV ШҚО халықтық спорт ойындарының ат спорты түрлері бойынша жарыстар «Алтай – түркі әлемінің алтын бесігі» халықаралық фестиваліне орай ұйымдастырылған болатын.