67
10 июля 2026

ШҚО-да аударыспақта аса ауыр салмақта жеңімпаз атанған палуанға жылқы тарту етілді

Катонқарағайдағы аударыспақ жарысында 130-дан астам спортшы бақ сынады, деп хабарлайды YK-news.kz тілшісі.

Жарыс ережесі бойынша әр қатысушы өз салмақ дәрежесіндегі әрбір палуанмен күресуі тиіс еді. Ең беделді саналатын 100 келіден жоғары салмақ дәрежесінде тарбағатайлық 52 жастағы Асхат Дәкебаев жеңімпаз атанды. Тәжірибелі палуан өзінен әлдеқайда жас қарсыластарын жеңіп шықты. Аударыспақта 1-орын алғаны үшін ресми сыйақы 50 мың теңгені құраған болатын. Алайда оған қоса Тарбағатайдан келген чемпионға жеңісі үшін жылқы сыйға тартылды. Бұл сыйды оған Тарбағатай ауданының кәсіпкері, спорт ардагері Сержан Омарбеков тағайындады.

– Мен чемпион атандым және бұған өте қуаныштымын! – деді Асхат Дәкебаев. – Тарбағатай ауданының Ақжар ауылында туып-өстім. 2003 жылы теңге ілуден Қазақстан чемпионы атанған едім. Бүгін мен Шығыс Қазақстан облысының басшылығына және Катонқарағай ауданының әкімдігіне осындай тамаша мерекені ұйымдастырғаны үшін алғыс айтқым келеді! Ойын өте қызықты, бәсекелі өтті. Бұл жерге әлсіздердің келмейтіні белгілі. Барлық спортшының дайындығы жоғары деңгейде болды. Мен бар күшімді салдым, қолымнан келді.

Аударыспақта айқын жеңіске жеткеннен кейін Асхат Дәкебаев осыдан 20 жылдан астам уақыт бұрын жұлдызы жанған спорт түрі – теңге ілу жарысына төрелік етті.

0
0
0
0
0
0