156
11 мая 2023

Өскеменде трамвай шаруашылығын жөндеу жұмыстары жалғасуда

Трамвай жолдарын қайта жаңарту 2023 жылы да жалғасады, деп Noks.kz хабарлайды.

2022 жылы жолдарды жаңғыртуға 449 миллион теңге бөлінді. Осы ақшаға 1,3 шақырым рельсті жол ауыстырылды. Биылғы жылғы қаржыландыру мөлшері 400 миллион. Қазақстан көшесінің Мыза көшесімен қиылысына дейінгі 1,1 шақырым рельс жолын жөндеу және көпірлерге шыға беріске дейінгі 140 метр жолдарды ауыстыру жоспарлануда. Сондай-ақ, 1,3 шақырым байланыс сымын ауыстыру көзделген.

Естеріңізге сала кетейік, Үлбі көпірінен түсе берістің екеуінде де вагондардың рельстен шығып кетуі жиі болады.

— Өткен жылы Орталық базар маңындағы жол жөнделді, ал биыл ең қауіпті учаскелер, Спорт сарайы мен Нұрмағамбетов көшесі жағынан көпір алдындағы жолдар жөнделмек, — дейді Өскемен қаласының әкімі Жақсылық Омар. — Қазір материалдар күтілуде, олар мамыр айының соңына дейін келуі керек. Мердігер өткен жылы анықталған. Бірден асфальт жабынын жасағымыз келеді. Қазір Абай даңғылы жөнделуде, ал көпірдің қарама-қарсы жағындағы Нұрмағамбетов көшесін көпірден Чехов көшесіне дейінгі аралықты жөндеу қарастырылған.

Қала басшылығы трамвай паркіне Әуезов даңғылы жақтан көліктер жолдарды кесіп өтетін аумаққа металл плиталарды салуды қарастыруды ұсынды. Бұл биылғы жылға жоспарлаған жалғыз жөндеу жұмысы емес. Мамыр мерекелерінен кейін трамвай депосының төбесінде жөндеу басталды. Техникалық қызмет көрсету цехы да 50 жыл бойы жөндеу көрмеген.

— Ғимарат апатты жағдайда, — дейді "Өскемен Көлік Компаниясы" ЖШС басшысы Михаил Чайка. — Біз шатырды толығымен қайта жауып, қасбетті қалпына келтіреміз. Ауа райының әсерінен жабын плиталары  әбден тозған. Оларға су әбден сіңіп, ішіндегі арматура шіри бастаған. Комиссия 30 темірбетон плитасын ауыстыру қажеттігін анықтады. Ал депо ішіндегі жұмыстар келесі жылға жоспарланған.

0
0
0
0
0
0