137
11 мая 2023

Алматы жақтан Өскеменге кіреберіс жолды қайта жаңарту басталды

Фото: Ирина Плотникова

Қасым Қайсенов кентінен (Молодежное) Меновное ауылына дейінгі жол төрт жолақты болады, деп хабарлайды Noks.kz.

— Бұл біз биыл бастаған ірі жобалардың бірі, — дейді Өскемен қаласының әкімі Жақсылық Омар. — Мұнда бес шақырымнан асатын заманауи кең жол болады. Мұндағы көздегеніміз не? Біріншіден, Алматы жақтан бізге үлкен фуралардың 80 пайызға жуығы келеді. Жол тар, ал ауыр жүктер қоғамдық көліктерге және қозғалыстың басқа қатысушыларына кедергі келтіреді. Екіншіден, Ұлан ауданында тұратын, бірақ қалада жұмыс істейтін адамдар да өте көп. Балалар қалалық мектептерге, студенттер оқуға барады. Мұнда қоғамдық көліктер де жүреді. Үшіншіден, ары қарай Омбы-Майқапшағай төрт жолақты республикалық трассасы жалғасқан.

Ал қала аумағына кірге берістегі тар және жаман жол көңілге қонымсыз. Кіре берістер — бұл қаланың бет-бейнесі деп айтуға болады. Шешек жағынан келетін жолды біз екі жыл бұрын жөндедік. Енді Алматы жақтан тиісті инфрақұрылымы бар жақсы жол жасалмақ. Сондай-ақ, бас жоспар бойынша мұнда 19 шағын ауданнан шығатын жол қарастырылған. Сонымен қатар, 22 және 23 микроаудандарда қарқынды түрде тұрғын үйлер салынуда. Бұл аумақтың тұрғындары да өз аудандарына ыңғайлы түрде кіріп-шығулары керек.

Жөндеу жұмыстары асудан бері қалаға қарай басталды. Бұл учаскеде жол жабынының жоғарғы қабатына қиыршық тасты-мастикалық асфальт төселіп жатыр. Барлық көлік қозғалысы қазыр қарама-қарсы жолақ арқылы, онда жабын әлі төселген жоқ. Меновное жағынан кеңейтілетін учаскеде жол негізін салу енді ғана басталады.

Жобаны "КА-GRUPO" ЖШС мердігер ұйымы жүзеге асыруда. Жоспар бойынша жүру бөлігін асфальттау 1 шілдеге дейін аяқталуы тиіс. Тұрғын үй аудандары арқылы өтетін учаскелерде көше жарығы мен тротуарларды, сондай-ақ трассаға қосымша шығатын жолдарды салу жыл соңына дейін жүргізілетін болады. Қала басшысы тұрғындарды мұнда үнемі соғып тұратын желден қорғау үшін қоғамдық көлік аялдамаларына жабық павильондар орнатуды тапсырған.

0
0
0
0
0
0