Табиғи байлықты қорғау: бізді апаттан қалай құтқарады
Облыстық бюджет қаражаты есебінен ШҚО орман шаруашылықтары 2023 жылға қарай өртке қарсы техникамен және жабдықпен қалыпты көрсеткіштің 75%-ы мөлшерінде жасақталды. Айта кетейік, 2017 жылы бұл көрсеткіш 49% - ға әрең жететін.
2023 жылы өрт қаупі жоғары маусым Шығыс Қазақстанда 5 сәуірден басталды. ШҚО Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Мұрат Құсайыновтың айтуынша, алғашқы бір жарым айда 5 гектар аумақта бес орман өрті тіркелген. Сондықтан да басқарма қызметкерлері мереке және демалыс күндері кезекшілік ұйымдастырып, өрт қауіпсіздігі шаралары туралы халықты көбірек құлақтандыра бастаған. Мәселен, семинарлар, әңгімелер, ұйымдар мен оқу орындарындағы дәрістер, жадынамалар тарату, газеттерде, журналдарда және интернет-ресурстарда мақалалар жариялау. Табиғатты қорғаушылар табиғи аймақтардағы, әсіресе орман алқаптарындағы өрттердің қаншалықты қауіпті екенін жақсы біледі. Тілсіз жаудың мемлекетке, халыққа қандай зиян келтіретіндігі, айтпаса да түсінікті.
Ұшқыннан өрт шығады…
2021 жылғы 10-12 мамырда болған Риддердегі қайғылы оқиға Қазақстан халқының есінен әлі кете қойған жоқ. Орман алқабынан тұтанған өрт Лесхоз кентін шарпыған еді.
Өрт екі күн бойы сөндірілді. Ондаған тұрғын үйлер, шаруашылық құрылыстары, көлік құралдары, құрылыс материалдары, жеке заттар, қала тұрғындарының құжаттарын от жалмады. Өртенген орманның жалпы ауданы 276,4 га-ға жетіп, келтірілген шығын – 242 млрд теңгеден асты. Екі адам қаза тапты.
Азамат К. — ның қылмыстық немқұрайлылығы осындай үлкен қайғылы жағдайға әкеп соқты. Отбасымен демалыс кезінде орманда от жағып, ол өрши түскенде оны сөндіре алмаған. Өкініштісі, ол ешкімді көмекке шақырмаған, жай ғана кетіп қалған. Кінәлі адам жазаға тартылды, бірақ қаза тапқандарды қайтару мүмкін емес қой.
— Риддер орман шаруашылығының аумағында негізінен қарағайлар өседі, ал олар өте жанғыш, — деді "Черемшан орман шаруашылығы" КММ ардагері Юрий Федоров. — Риддердегі өрттің себебі адам факторы болды. Менің өмірімде Черемшан орман шаруашылығының басшысы ретінде 70 гектар аумақта бір рет ғана өрт болды. Бұл — 2010 жылы. Қараусыз қалған Александровка ауылында металл сынықтарын жинаушылар ағаш дайындаушылар қалдырған техниканы автогенмен кескен кезде, ұшқыннан шөп тұтанып, өрт орманға өткен. Онда негізінен жапырақты ағаштар өсетіндіктен, өрт көп таралмады. Әрине, Риддер өртімен салыстырғанда өртенген аумақ ауқымды емес.
Ауқамды жұмыс
2020 жылдың 12 тамызында Шығыс Қазақстан облысының әкімдігі "Орманда өрт қаупі жоғары кезеңде Шығыс Қазақстан облысының мемлекеттік орман қоры аумағында жеке тұлғалардың болуына тыйым салу туралы" №282 қаулы қабылдады. Орманшылар оның орындалуын қадағалап, құқық бұзушылықтардың жолын кесуге бар күшін салады.
— Біз үнемі мемлекеттік орман қорының аумағындамыз. Өрт қауіпі жоғары кезең басталған кез, сәуірден бастап алғашқы қарға дейін, күнделікті рейдтер жүргіземіз. Өңір тұрғындары мен қонақтардың рұқсат жоқ жерлерде от жағып, заңсыз ағаш кесумен айналыспауын қадағалаймыз, — дейді "Өскемен орман шаруашылығы" КММ Комсомол орманшылығының орманшысы Қуандық Қазкенов.
Оның айтуынша, орман шаруашылығы қызметкерлері су айдындарының жағасында демалушылармен үнемі профилактикалық әңгімелер жүргізеді. Олар табиғатта өзін қалай дұрыс ұстау керектігін түсіндіреді. Туристердің кейде рұқсат етілмеген жерлерде кемпингтер ұйымдастыратын кездер болады. Аң аулау, балық аулау маусымында орманшылар мемлекеттік қордың аумағында браконьерлер жұмыс істемейтініне көз жеткізеді.
— Комсосмол орманшылығы Шемонаиха, Глубокое аудандарының аумағында Алтай ауданымен әкімшілік шекараға дейін жалғасқан. Сондықтан біздегі жұмыс аумағы ауқымды, — деп толықтырды Қуандық Қазкенов.
Мұқият дайындық
Бүгінде облыс бойынша мобильді топтар жұмыс атқаруда. Олардың құрамына өрт сөндірушілер, жергілікті атқарушы органдар, полиция қызметкерлері, орманшылар кіреді. Жалпы саны - 225 адам. ШҚО ТЖД өкілі Нұржан Өміржановтың айтуынша, 2023 жылы жүргізілген 98 рейд нәтижесінде өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтамағаны үшін 23 адам жауапқа тартылды.
Мұрат Құсайыновтың мәліметінше, ағымдағы жылы ШҚО-да орман өрттерінің алдын алу үшін ұзындығы 74 шақырым болатын минералданған жолақтарды салу жоспарланған болатын. 819 шақырымға созылатын минералданған жолақтарға күтім жасалуда. 54 шақырым жол құрылысы жүргізіліп, 230 шақырым орман жолдары жөнделеді. Сондай-ақ, 338 аншлаг орнатып, 23 демалыс орнын жабдықтау көзделіп отыр. Сонымен қатар, 34 тікұшақ алаңы дайындалды.
— Орманшылар жылына екі рет – көктемде және күзде минералданған жолақтар жасайды. Бұл негізінен өрт орманға таралмас үшін өсімдіктерді өсірмеу мақсатында трактор мен соқа арқылы жер учаскелерін жырту. Мұндай жұмыстар алдын ала жоспарланып, жұмыс жүргізу ақша, дизель отыны, техника бөлінген, — дейді Юрий Федоров.
2023 жылы орман өрттері туындай қалса және оны сөндіруге 27,2 тонна дизель отыны және 40 тонна бензин көлемінде ЖЖМ қоры көзделген. Ұзақ мерзімді шарттар жасалған орман пайдаланушылармен қатар орман өрттерін сөндіру мәселесі бойынша бірқатар басқа кәсіпорындармен 332 шарт жасалған.
Шығыс Қазақстанда өрт қауіпі жоғары кезеңге 160 бірлік өртке қарсы техника мен 3 мыңнан астам бірлік өртке қарсы жабдықтар мен қондырғылар сақадай-сай. Бұл РЛҚ, мотопомпалар, жағармайлы аралар, шатырлақтар. Орман қорында патрульдеу мен өртті сөндіруге 17 өрт сөндіруші-десантшы жұмылдырылды. Олардың құзырына бір МИ-8 тікұшағы, екі МИ - 2, бір АН-2 "Қазақ ормандарды авиациялық қорғау және орман шаруашылығына қызмет көрсету базасы" ұшағы дайындалды. Оларға ұшудың 501 сағатына жанар-жағармай бөлінді.
ШҚО әкімі Даниал Ахметовтың тапсырмасы бойынша биыл құрылған "Орман және аңшылық шаруашылығына жедел ден қою жасағы" КММ базасындағы қосымша өртке қарсы қызмет табиғи өрттермен күресті одан әрі күшейтеді. Қатарында 20 өрт сөндіру десантшысы, екі шағын орман күзет кешені және өртке қарсы құрал-жабдықтар бар. Оны құру үшін бюджеттен 169 млн теңге бөлінді.
2017-2023 жылдары бөлінген қаражатқа шамамен 2 млрд теңге көлемінде 14 өрт сөндіру машинасы, 32 трактор сатып алынды, оның ішінде 18 — шынжыр табанды және 14 - доңғалақты, 40 шағын өрт кешені, 16 патрульдік машина, өртке қарсы жабдық.
2023 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша өртке қарсы техникамен және жабдықпен жасақтау нормадан 75% — ға дейін жеткізілді. 2017 жылдың басында бұл көрсеткіш 49% — ға жетті.
— Қазір орман шаруашылықтарының техникамен қамтамасыз етілуі әлдеқайда жақсы. 2022-2023 жылдары Өскемен орман шаруашылығына жаңа өрт сөндіру машиналары, шағын өрт кешені келді, — деп растады орманшы Қуандық Қазкенов.
Нұржан Өміржановтың айтуынша, Шығыс Қазақстан облысындағы табиғи өрттердің шамамен 70% -ы жыл сайын адами факторға байланысты болады. Негізгі себептері - халықтың отпен абайсыз қолдануы, ауылшаруашылық өрттері, шөптесін өсімдіктерді жағу, ауылшаруашылық техникасында ұшқын сөндіргіштердің болмауы.
Айта кетейік, облыстық ТЖД өңірдің барлық аумағында іс-шаралар кешенін және кең ауқымды профилактикалық жұмыстарды жүргізеді. ШҚО-да әкімдіктер құрған 43 өрт сөндіру бекеті, жалпы саны 935 адамды құрайтын 114 ерікті өртке қарсы құрылым жұмыс атқарады. Олар 28 өрт сөндіру және 145 бейімделген техникамен жабдықталған.
Орман шаруашылығын өртке қарсы техникамен және жабдықтармен қамтамасыз ету үшін:
- 2016 жылы - 95 млн теңге (13 шағын өрт кешені, екі УАЗ автомашинасы және басқа да өртке қарсы жабдық сатып алынды);
- 2017 жылы-701 млн теңге (13 өрт сөндіру машинасы, 13 трактор, жеті доңғалақты трактор және төрт патрульдік машина, сондай-ақ өзге де өртке қарсы жабдық сатып алынды);
- 2018 жылы 25,3 млн теңге бөлінді. Бір өрт сөндіру машинасы мен түрлі өрт сөндіру жабдықтары сатып алынды;
- 2019 жылы-36,3 млн теңге (екі УАЗ автомашинасы, төрт қарда жүретін машина, екі тіркеме, алты жұмыс жылқысы сатып алынды);
- 2020 жылы 270 млн теңге бөлінді (жеті доңғалақты трактор мен шағын өрт кешені, екі УАЗ автомашинасы сатып алынды);
- 2022 жылы 830 млн теңге бөлінді (бес трактор, алты патрульдік машина, 20 өрт сөндіру кешені сатып алынды).
Ольга Ушакова