Жаңа талап бойынша Қазақстанда «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы жүзеге аса бастады
Қазақстан Республикасының ұлттық даму жоспары балаларды оқыту үшін қолайлы жағдай жасауды өз міндетіне алған. Ел Президентінің 2022 жылғы 1 қыркүйектегі Халыққа Жолдауы негізінде Білім министрлігі «Жайлы мектеп» ұлттық жобасын әзірледі. 2023-2025 жылдар аралығында оқушы орындарының тапшылығын, үш ауысымды оқытуды және орта білім беру ұйымдарының апаттылығын жою жоспарлануда. Шығыс Қазақстан облысында 4200 орындық 10 мектеп салу көзделіп отыр.
Тәуелсіздік жылдарында ел бойынша мектептер саны қысқарған еді. Бұл келешегі жоқ елді мекендердегі шағын жинақталған мектептердің жабылуына байланысты. Ал 2022 жылы біздің облысымызда тапшылық 4319 оқушы орнының мәніне жетті, оның ішінде қалаларда - 3500, ауылдарда - 819.
Жаңа үлгідегі мектептер салудың мақсаты қала мен ауыл арасындағы білім беру сапасындағы алшақтықты жою болып табылады. Ол үшін білім беру ортасының инфрақұрылымында заманауи стандарттар енгізілетін болады.
«Жайлы мектептің» ерекшелігі - бастауыш және жоғары сынып оқушыларын оқытуға арналған блоктарды бөлу. Бұл қауіпсіздік шараларын жақсарту үшін қажет. Әр мектепте психолог, логопед, робототехника, биотехнология кабинеттері, STEM-зертханалар, хореография залы, коворкингтер болады. 600 орындық мектептер үшін бастауыш және орта буын балаларына арналған жеке спорт залдары салынады.
Ағымдағы жылы жалпы 3000 орындық жеті мектептің құрылысы басталмақ. Біздің облыста 600 балаға арналған үш мектеп құрылысы көзделген. Олардың екеуі Өскеменде, біреуі Риддерде орналасады. 300 орындық төрт орта білім беру ұйымы Өскемен, Шемонаиха, Белоусовка және пилоттық Опытное поле ауылында салынады. Бұл мектептерді пайдалануға беру 2024 жылы жоспарланған.
Келесі кезеңде 1200 орындық үш үлкен мектептің құрылысы басталады. Олардың екеуі 2024 жылы Өскеменде, біреуі Прапорщиково ауылында салынады. Бұл мекемелер балаларды 2025 жылы қабылдай алады.
Қалалар мен аудандардың жергілікті атқарушы органдары аталған мектептердің құрылысына жер учаскелерін бөліп қойды. Сондай-ақ, жер учаскелері тұрақты және уақытша инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымға қосылады.
Орта білім беру ұйымдарының жаңа нысандарын салу «Samruk-Kazyna Construction» АҚ арқылы жүзеге асырылады. Қазіргі уақытта әкімшілік Өскемен, Риддер, Шемонаиха қалаларында, Белоусовка кентінде және Глубокое ауданының Опытное поле ауылында бес мектеп бойынша конкурстық рәсімдерді өткізуде.
Анна Бушуева