Өскеменде шілде айының соңына дейін 11 балалар алаңы жабдықталады
Қала әкімі балаларға құрылыс жұмыстары кезінде ойын аймақтарына кіруді шектеуді тапсырды, деп хабарлайды Noks.kz.
Жақсылық Омар қала бойынша жұмыс сапары барысында Крылов көшесі, 112 және Нұрмағамбетов көшесі, 44 аулаларын көріп қайтты. Бүгінде аталған көшелердегі ойын алаңдарын абаттандыру жүргізілуде. Болашақ ойын аумақтарының аумағы бетондалып, қазір шағын сәулет нысандарын орнату басталған.
Құрылыс басында Жақсылық Мұқашұлы жұмыс жүргізу аймағындағы қауіпсіздік шараларын күшейтуді, балалардың алаңдарға кіруді және шағын сәулет нысандарына жақындауды шектеуді тапсырды. Ол Қарағандыдағы соңғы оқиға, атап айтқанда аяқталмаған алаңдағы жабынды балалармен бірге қатты жел көтеріп, қайғылы жағдай болғандығы мердігерлер үшін сабақ болуы керек екенін қатаң ескертті.
— Мұндай жағдай қайталанбауы керек, — деді әкім.
Жақсылық Омар сондай-ақ қазірдің өзінде орнатылған шағын сәулет нысандарының мықтылығын тексеріп, жұмысшылардан бекіткіштерге және олардың сапасына, барлық бөлшектердің беріктііне ерекше назар аударуды тапсырды.
Айтап өтерлігі, биыл Өскеменде 11 балалар алаңы ашылады. Аталған жұмысты шілде айының соңына дейін аяқтау жоспарлануда.