Жуықта жаңадан жөнделген Абай даңғылында жол белгілері салынады
Абай даңғылындағы орташа жөндеу жұмыстары аяқталды, деп хабарлайды Noks.kz.
Абай даңғылында ескі асфальт қиыршық тас-мастикалық асфальтбетонмен ауыстырылды. Жол салушылардың айтуынша, алты айдан кейін жабын тартылып, мықты бетонға айналуы керек. Қазір ол кеуекті, борпылдақ күйде, аталған жолдың кепілдік кезеңі үш жыл. Н.Назарбаев даңғылында мұндай жолдың қолданыстағы мерзімі шамамен алты жыл.
Алдағы күндері жөнделген Абай даңғылында жол таңбасы салынатындығы айтулуда.
— Абай даңғылы — қаламыздың негізгі магистральдарының бірі, — деп атап өтті Өскемен қаласының әкімі Жақсылық Омар. — Екі айда орташа жөндеу жүргізіліп, бес шақырымнан астам асфальт төселді. Соңғы рет даңғылдағы жөндеу жұмыстары 12 жыл бұрын жүргізілген еді.
Ұлттық жол активтері сапасы орталығының облыстық филиалының қызметкерлері жаңа асфальттың сапасын тексереді. Ол үшін мамандар ТМА сынамаларын алды.