1.1 тыс.
13 июня 2023

Абай облысына гуманитарлық көмек жіберілді

13 маусымда, үшінші рет, шығыс қазақстандықтар тілсіз жаудан зардап шеккендер мен қазіргі уақытта өрт аумағында арпалысып жүрген өрт сөндірушілерге көмек жинап, көрші аймаққа жіберді.

— Біз Абай облысына гуманитарлық көмек жинауды жүргізіп жатқанымызға бүгін үшінші күн, — дейді «АМАNАТ» партиясы жанындағы «Жастар Рухы «Жастар қанаты» ҚБ Шығыс Қазақстан облыстық филиалының төрағасы Қорлан Туғамбаева. — Өткен демалыс күндері Бородулиха ауданы Успенка ауылында болып, не қажет екенін біліп қайттық. Бүгінгі күнге барлығы 15 тонна гуманитарлық жүк жөнелттік, тағы бес тонна жүк жөнелтілгендігін де айта кеткеніміз жөн. Өйткені, қазір өрттен зардап шеккен аумақтағылар кез келген көмекке мұқтаж!

Корланның айтуынша, жылу жинау қазіргі уақытта сұранысқа ие заттардың  тізімі бойынша жүзеге асырылуда.

«Егер біз бұрын көбірек азық-түлік жіберсек, қазір респираторлар, дәрі-дәрмектер, электр шайнектері мен қол шамдар сұрауда», — деп қосты «Жастар қанатының» төрайымы. — Өрт сөндірушілерге бірінші кезекте киім-кешек керек — шұлықтар, кеудешелер мен футболкалар. Бүгінгі таңда Семейде қажетті ыдыс-аяқ жоқ деуге болады, оны Өскеменнен алып жатырмыз.

Түнгі уақыттағы өрт сөндіру кезінде құтқарушыларға айналасын көру үшін қол шамдар өте қажет.

Қарапайым тұрғындар да қолдау көрсетуде.

— Өрт туралы ести сала мен өзімді ерікті ретінде сынап көруге бел будым, — дейді Өскемен қаласының тұрғыны Лев Вартанян. — Бұл менің жеке бастамам. Сондай-ақ, Семейдегі менің достарым өртті жою орнында қажетті бұйымдар туралы хабарлап тұрды. Мен Instagram әлеуметтік желісінде көмек жинау туралы жарияладым. Мен парақшама жазылушыларымнан түскен қаражатқа қажетті заттарды сатып алып, есебін беріп отырдым. Бүгін мен үйлестірген бірінші көмек жөнелтілді. Сондай-ақ, өрт ошағына алты ерікті - әр түрлі кәсіптегі қарапайым адамдар бірге кетті. Алдағы бірнеше күнде өрт ауыздықталады деп үміттенемін.

Еріктілердің  айтуынша, жинал көмек Абай облысына тезірек жетуі үшін түнде де заттарды, азық-түлік пен дәрі-дәрмектерді реттеп, сұрыптауға тура келеді.

— ШҚО тұрғындары мұндай қайғылы оқиғаларға ешқашан бей-жай қарамайтынын атап өткен жөн, — деп атап өтті ШҚО еріктілерінің облыстық фронт-офисінің жетекшісі Данияр Жүнісов. — Жоғары оқу орындары апаттан зардап шеккен отбасылардың балаларын оқытуға гранттар бөлді. Бүгінгі таңда Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі жанындағы еріктілердің республикалық фронт-офисі арнайы қайырымдылық шотын ашты, оған ақшалай қаражат жіберіледі. Біздің үкіметтік емес ұйымдарымыз да көмек көрсетуде. Мен атқарушы органның және фронт-офистің атынан көмек қолын созғандардың барлығына зор алғысымды білдіремін. Өкінішке орай, мұндай қайғылы жағдай кез келген жерде және кез келген уақытта болуы мүмкін.

Еріктілердің мәлімдеуінше, гуманитарлық көмек аптасына үш рет жіберіледі, келесі жөнелту 15 маусым, бейсенбіге жоспарланған. Егер тұрғындар көмектескісі келсе, онда жинау пункті Өскемен қаласында Қасым Қайсенов көшесі, 121 мекен-жайында орналасқандығын ескертеміз.

Анықтама телефоны: 8-776-444-62-66.

Сонымен қатар, өрт аумағына барып та көмектесуге болатындығын хабарлаймыз. Ол жақта еріктілерге арналған жатақхана дайындалып, көмек көрсетушілер тамақпен қамтамасыз етіледі. Қазіргі уақытта медициналық мамандықты игерген еріктілер де қажет.

Елена Бредихина
Фото автордікі

1
0
0
0
0
0