655
4 июля 2023

ШҚО-да мәжілісімендер шалғай аудандағы орманшылармен жүздесті

Облыс орталығынан шалғайда жатқан шекаралық аймақ болып саналатын Зайсан ауданында ҚР Парламент Мәжілісі депутаттары, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшелері Е.Б. Саиров пен Ұ.Ш. Тұмашинов орманшылармен кездесті.

«Қаншама жыл осы мекемеде қызмет атқарып жүреміз. Біздегі бірден бір мәселе ол өрт сөндіруге арналған техникалардың тозығы жеткендігі. Қазір техниканың озған, дамыған уақыты ғой. Бірақ біз әлі күнге дейін сол ескі құрал жабдықтармен жұмыс жасаймыз. Сіздерден осы мәселенің шешілуіне ықпал жасауларыңызды сұраймыз», — деді Орман өрт сөндіру станциясының басшысы Аманбек Жасаров.

Мамандардың айтуынша орман шаруашылығында жұмыс жасайтын техникалардың әбден тозығы жеткен. Сондай-ақ ондағы қызыметкерлердің жалақысы да мардымсыз.

«Мұндағы жұмыс уақытына қарамастан қызметкерлердің жалақысы өте аз. Олар күндіз түні қолайлы қолайсыз ауа райында да жұмыс жасайды. Сондықтанда жалақы мәселесі реттелсе жақсы болар еді» — дейді Зайсан орманшылығы басшысының міндетін атқарушы Айдын Ескендиров.

«Бәріңізге белгілі жақында Абай облысында болған орман өрті осы салада түйткілді мәселелердің бар екендігін көрсетті. Өз кезегінде Мемлекет басшысы да саладағы кемшіліктерді анықтап жою қажеттігін атап өтті. Сонымен қатар осы жылдың 1 шілдесінен бастап орманшылардың айлығы өсірілді. Ал материалдық-техникалық базаны жақсарту жұмыстары кезең-кезеңімен жүзеге асырылады деп мәлімдеген болатын министрлік. Бұл мәселе бойынша мәжіліс депутатары тиісті министрліктің жұмысын назарда ұстайтын болады», — деді ҚР Парламент Мәжілісі депутаты  Ерлан Саиров.

Депутаттар одан әрі 5-12 шілде аралығында Шығыс Қазақстан облысының Глубокое, Алтай, Катон-Қарағай, Күршім, Тарбағатай аудандарын аралап ондағы «AMANAT» партиясы сайлауалды бағдарламасын іске асыруға арналған Жол картасының орындалуы бойынша атқарылып жатқан жұмыстармен  танысып ауыл тұрғындарымен кездесетін болады.

3
1
0
1
0
0