384
21 июля 2023

ШҚО әкімі Ермек Көшербаев өңір бойынша жұмыс сапарларын шекара маңындағы аудандардан бастады

Өңір басшысы халықпен кездесіп, азаматтарды қабылдады және аудандағы бірнеше нысанды аралады. Өңір əкімі атап өткендей, аудан тұрғындары өзекті мәселелерді алға тартты, деп хабарлайды YK-news.kz.

Айта кетейік, біраз уақыт бұрын ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев шекара маңындағы аудандарды дамыту еліміз үшін стратегиялық маңызы бар мәселе екенін айтқан болатын.

ШҚО-дағы мұндай аудандар қатарына Зайсан және Тарбағатай аудандары да кіретіндігі күмəнсіз. Сондықтан облыс әкімі өңір бойынша жұмыс сапарларын осы аудандардан бастады.

"Жұмыс сапарымен Зайсан ауданына барып, халықпен кездесу және азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдау сындарлы түрде өткенін бірден атап өткім келеді, — деді Ермек Көшербаев. — Аудан тұрғындары өзекті мәселелерді көтерді. Мысалы, Зайсан әуежайынан рейстер санын көбейтіп, Алматы мен Астана бағыттарын қосу туралы ұсыныс білдірді. Сондай-ақ, ауыл тұрғындарын пайдаланылмайтын жайылымдық жерлерді қайтару, ауданға газ тартуды жалғастыру және сапалы интернетпен қамтамасыз ету мәселелері толғандырады".

Сапар барысында әкім күрделі жөндеуді қажет ететін Үйдене су қоймасына барды. Бүгінде 2016 жылы жасалған жобалау-сметалық құжаттамаға түзету жүргізілуде, тиісті өзгертулер енгізілген соң республикалық бюджеттен жөндеуге қаражат бөлінетін болады.

Сондай-ақ, Ермек Көшербаев "Майқапшағай" кеден бекетінде болып қайтты. Қазір ол жерде шекараға дейін алты жолақты жолды, тұрақ орындарын және т.б. ұйымдастыруды көздейтін ауқымды қайта құру жүріп жатыр. Жалпы алғанда бұл посттың өткізу қабілетін арттыруға мүмкіндік береді.
Айта кетерлігі сол, ҚХР-мен тауар айналымы жыл сайын артуда, күн сайын пост арқылы жүзге жуық көлік өтеді. Сондықтан облыс билігі Омбы-Майқапшағай тас жолындағы жөндеуді мүмкіндігінше тезірек аяқтауды көздейді.

Сондай-ақ, биліктің жоспарында біздің ауылшаруашылық тауар өндірушілеріміздің өнімдерін сату пунктін ұйымдастыру да бар, өйткені бұған Қытай тарапы мүдделі. Аймақта өндірілетін күнбағыс майы ерекше сұранысқа ие.

2
0
0
0
0
0