121
24 июля 2023

Өскемен қаласының әкімі Согра кентінің тұрғындарымен кездесті

Өскемен қаласының әкімі Жақсылық Омар Согра кентінің тұрғындарымен кездесу өткізді. Әкім тұрғындар алдында шағын ауданды абаттандыру бағытында атқарылған жұмыстар туралы есеп беріп, алдағы жылға арналған жоспарларды баяндап, тұрғындардың ескертулері мен өтініштерін тыңдады деп хабарлайды Noks.kz.

2022 жылы «Согра» кентінде өмір сүру сапасын жақсарту бағытында көптеген істер атқарылды. Екі аулаға ШАФ орнатылып, Интернациональный көшесіне орташа жөндеу жүргізілді, Машиностроительный көшесіне шұңқырларды бітеу және «Восточник-5, 6», «Титан», «Металлург-3» бау-бақша серіктестіктері арқылы өтетін көшеге қиыршық тас төсеу жұмыстары жүргізілді. Көшелерді жарықтандыру желілерін жаңғырту аяқталды: 25 көшеде 725 ескі үлгідегі шамдар жаңа, жарықдиодты шамдарға ауыстырылды. Тұрғындардың өтініші бойынша Фасадная көшесіндегі шағын саябақ жабдықталды. Жаяу жүргіншілер үшін жұмыр тасты жол төселіп, орындықтар, жарық жүйесі және екі ойын алаңы орнатылды.

Биыл «Менің аулам» бағдарламасы бойынша аулаларды абаттандыру жұмыстары жалғасуда: Шаяхметов көшесі, 24 мекенжайында балалар алаңы орнатылған болатын. Сонымен қатар, жоғарыда аталған шағын саябақтағы футбол алаңының құрылысы мен жайластыру жұмыстары да тәмамдалды. «100 күнде 10 000 шұңқыр» бағдарламасы өз жұмысын бастап, оның аясында шұңқырларын бітеуді қажет ететін көшелерді жөндеуге тұрғындар өтінім бере алатын чат-бот жұмыс істейді. Қазіргі уақытта он екі көшеде жұмыс аяқталып, тағы бес көшеге қосымша жөндеу жұмыстары жүргізілмек. Өзбек, Подхоз СКК көшелері мен Безымянный тұйық көшесіне қиыршық тас төсеу жұмыстары жүргізілді.

— Дәстүр бойынша барлық шағын аудандарда кездесу өткіземіз. Бұл кездесулердің мақсаты — атқарылған істер туралы халыққа есеп беріп, тұрғындармен бірлесе отырып, болашаққа жоспар құру, — дейді қала әкімі Жақсылық Омар. — Біз жоспарлаған жұмыстардың барлығы, жүзеге асырып жатқан жобалардың барлығы — тек тұрғындардың ұсынысымен атқарылады. Сондай-ақ, бүгінгі таңда Соградағы өзекті мәселелердің бірі — тазарту құрылыстары. Біз мемлекеттік сараптаманың келісімі алынады, оларды жөндеуге қаржы бөлінеді деп ойластырып отырмыз.

0
0
0
0
0
0