Президент: азаматтар экологияның нашарлауына және денсаулыққа зиян келтіретініне шағымдануда
Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, соңғы уақытта ірі өндіріс орындарының маңайында тұратын қазақстандықтардың наразылығы артып келеді, деп хабарлайды YK-news.kz тілшісі.
"Қазақстанда өндіруші өнеркәсіптің жақсы дамығаны белгілі. Бұл сектор ұлттық экономиканың өсуінің сенімді көзі болып табылады. Бұл алдағы уақытта да болуы тиіс, — деп атап өтті Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында. — Әлемдік нарықта металдың көптеген түрлерінің бағасы тарихи биіктерге жетті. Сонымен қатар, соңғы уақытта ірі өндірістердің маңайында тұратын азаматтардың наразылығы артып келеді. Олар экологияның нашарлауына және денсаулыққа зиян келтіретініне шағымдануда".
Президенттің айтуынша, өндірістегі жұмысшылардың жарақаттануы мен өлімі жиі тіркелуде.
"Үкімет технологиялық және экологиялық жағдайды, кәсіпорындардағы денсаулық сақтау жүйесін жақсарту үшін түбегейлі шаралар қабылдауы қажет", — деп тапсырды Тоқаев. — Ірі өнеркәсіптік өндірістер әр бес жыл сайын технологиялық және экологиялық аудиттен өтуі керек. Бұл шарт инфрақұрылымдық кәсіпорындарға да қатысты".