Бақытгүл Садықованың қылмыстық-атқару жүйесінде жұмыс істегеніне 20 жылдан асты
Әйел біткен жұмысқа таңертең ұзақ уақыт жиналып, жиі кешігіп жүретіні шындық па? Тек погон таққандары емес! Бұл қызмет Бақытгүл Садықоваға сағат 6.00-де оятқышсыз тұрып, жеті (!) минутта жиналуды үйретті. Өзінің 49 жасында Бақытгүл Майданқызы жинақы, дене тұлғасы жақсы және өте жауапты әйел. Қылмыстық-атқару жүйесі (ҚАЖ) департаментінің подполковнигі ретінде ол статистикаға сәйкес, өз жұмысы әйелдерге де толықтай тән екенін айтады.
Бақытгүл Садықова ҚАЖ-ға тағдыры ауыр тоқсаныншы жылдары келді.
— Мен институтты күрделі кезеңде, жұмысқа тұру қиын кезде бітірдім, — деп еске алады Бақытгүл. — Экономикалық білімім бар, бірақ ол жылдары оған сұраныс жоқ еді. Ата-анам Жарма ауданы Шуақ ауылына қоныс аударды, ал ҚАЖ департаментінің бір мекемесі сонда орналасқан. Оларда бос орын бар екен, мені инспектор лауазымына жұмысқа алды.
2001 жылы ауылда әйелдер колониясы салынып, Бақытгүл сонда жұмыс істей бастады. Арнайы есеп бөлімінің меңгерушісі болып тағайындалды. Сотталғандардың жеке істерін жүргізді, жазасын қысқартуға немесе босатуға құжаттарды рәсімдеді, рақымшылық немесе кешірім туралы заңнаманы жүзеге асырды — бір сөзбен айтқанда, ол барлық қажетті құжаттарды жүргізді. Әлдекім «іс қағаздарын жүргізудің не қиындығы бар» деуі мүмкін. Бірақ, шын мәнінде бұл өте жауапты іс. Қылмыстық-атқару жүйесі саласында қателіктерге жол берілмеуі тиіс. — Менің жұмысымдағы қателіктер заңсыз бас бостандығынан айырылуға немесе керісінше заңсыз мерзімінен бұрын босатуға әкеп соғуы мүмкін, — деп түсіндіреді Бақытгүл Майданқызы. — Арнайы контингенттің жеке ісін басқару — бұл адамдардың тағдыры деген сөз.
Қылмыстық-атқару жүйесі құрылымында жүріп Бақытгүл болашақ жарымен танысты. Ол ерлер колониясында, өзі әйелдер колониясында жұмыс істеді.
— Бір салада жұмыс істегендіктен, арамызда жұмысқа байланысты түсініспеушілік болмайды, — дейді Бақытгүл Майданқызы. — Барлығы біледі: қызмет — бұл қызмет, әр түрлі жағдай болуы мүмкін — нормаланбаған жұмыс пен күтпеген дабылдар болады. Күйеуім Ұлттық ұланға әскери қызметші болған соң, біз Өскеменге көштік, мен де бұл көшімізді сабырмен, түсіністікпен қабылдадым.
Бақытгүл қай жерде жұмыс істесе де, басшылығы оның ерекше жауапкершілігі мен тәртібін бағалайды. Ол қазір подполковник шенінде. Арнайы есеп бойынша оның үздіксіз жұмыс өтілі -22 жыл.
Қылмыстық-атқару жүйесіндегі жұмыс әйел жұмысы емес деп саналады, бірақ статистика керісінше көрсетеді. Бақытгүлдің айтуынша, нәзік жыныс өкілдері ҚА жүйесінің барлық дерлік бөлімшелерінде қызмет етеді. Және олар өте жақсы қызмет етеді.
— Бұл жұмыс маған ерте тұрып, тез жиналуды үйретті: жиналу үшін маған тура жеті минут қажет. Қызмет жақсы физикалық формада болуды қажет етеді, сол үшін мен дұрыс тамақтануды қадағалаймын, спорттық үйірмелерге барамын және жаттығулар жасаймын. Жалпы, біздің жұмысымызда ең бастысы — тәртіп, жауапкершілік. Ал ер адам да, әйел де сенімді әскери қызметші бола алады.