55
4 марта 2024

ШҚО туризмінің перспективалық және танымал бағыттары

ШҚО кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы (КжИИДБ) басшысының орынбасары Марат Қабақов экотуризмнің дамуы, туристік объектілерге жол бойындағы сервис пен логистиканың жақсаруы, сондай-ақ туристерді тарту үшін ауқымды іс-шаралар туралы айтып берді.

Көптеген адамдар Шығыс Қазақстанды миниатюралық жер шары деп атайды. Тек осы жерден бірден бірнеше табиғи ландшафт аймақтарын: тау шыңдары, альпі шалғындары, қызыл шөл, тайга, түрлі-түсті көлдерді көруге болады. Өңір билігі табиғатты бастапқы қалпында сақтаумен қатар туристерге қолайлы болу үшін инфрақұрылым мен логистиканы дамытуға белсенді түрде ат салысуда.

— ШҚО айырықша жерге орналасқан және туристік объектілерінің алуан түрлілігімен мақтанады. Шипажайлар, пантотерапия емханалары, тау шаңғысы курорттары, демалыс базалары. Бар болғаны 20 мың төсек-орын бар, — дейді Марат Қабақов. — Жағажай туризмі Бұқтырма су қоймасы мен Сібі көлдерінің аумағында ұсынылған. Тау шаңғысы туризмі — Глубокое ауданы мен Риддер қаласындағы қысқы кластер. Пантомен емдеу, ауылдық және мәдени-танымдық туризм, экотуризм сияқты бағыттар сұранысқа ие.

Қонақжайлық — логистикада

Шығыс Қазақстан дәл сол экологиялық туризммен әлемнің түкпір-түкпірінен туристерді тарта алады. Еліміздің шығысында республикалық маңызы бар 24 табиғи аумақ бар, оның ішінде Катонқарағай мемлекеттік ұлттық паркі бар. Катонқарағай ежелден өңірдің туристік бағытының інжу-маржаны атанғаны құпия емес. Оның аумағында көптеген туристік орындар мен маршруттар бар. Бұл аудан экотуризмді ұнататын әлемнің түкпір-түкпірінен келушілер арасында танымал тартымдылыққа айналған.

Алайда қорық аймағына жету өте қиын. Жүздеген шақырым сапарлап, туристер 10 сағатқа дейін жол жүреді. Әуе қатынасы арқылы логистиканы жақсартуға болады, осы мақсатта Катонқарағайдағы әуежай қалпына келтірілмек.

— Қазақстанның оңтүстігі мен батысынан келетін туристер үшін логистиканы жақсарту мақсатында Катонқарағай ауданындағы әуежайды қайта жаңғырту мәселесі қаралуда. Инвестор тарту жоспарлануда, меморандум қазір бекіту сатысында, — дейді ШҚО КжИИДБ басшысының орынбасары. — Ауданмен әуе қатынасында жол жүруді сегіз сағаттан астам уақытқа қысқартады.

Біз бұл әуежай жұмысының басталғанын қалаймыз, содан кейін Алматы мен Астанаға тікелей рейстер ұйымдастыра аламыз.

Шағын ұшақтарға арналған әуежайды қайта құру мәселесін Шығыс Қазақстан облысы әкімдігі қарастыруда. Бүгінгі таңда Катонқарағай әуежайы «Қазавиаспа» тікұшақтарына алаңша ретінде жұмыс істейді. Нағыз саяхатшылар мен табиғатты бағалай білетіндер, әрине, демалыс орынына дейін автокөлікпен баруды таңдайды. Ал бұл жерде, шенеуніктердің айтуынша, логистика ғана емес, жол бойындағы қызмет те маңызды.

Облыс әкімі жариялаған «Жолдар жылы» шеңберінде жергілікті маңызы бар жолдарды жөндеу жоспары әзірленген. Жоспарланған 600 шақырым жолдың 121 шақырымы туристік нысандарға баратын жол бойында жөнделмек.

— Туристердің өз күштерімен жайлы жүріп-тұруы жолдың сапасына ғана емес, жол бойындағы сервиске де байланысты, — дейді Марат Саятұлы. — Әңгіме санитарлық-гигиеналық тораптар (СГТ) туралы болып отыр. Дәретханалар санының жетіспеушілік мәселесі тек ШҚО-да ғана емес, бүкіл республикада күрделі болып тұр. Биылғы жылы облыстың негізгі жолдарында СГТ орналасатын 14 нүкте белгіленді. Нысандар 800 шақырымнан астам жол жүруге ыңғайлы қозғалысты қамтамасыз ететін қолданыстағы қызмет көрсету нысандарымен байланысты болады.

Кәсіпкерліктің бұл түрін жүргізуге кеткен шығындар ай сайын 83 мың теңге көлемінде мемлекеттік қолдау арқылы субсидияланатын болады. Бұл қаражат техникалық персоналды ұстауға, сондай-ақ қажетті құрал-жабдықтарды сатып алуға кететін шығындарды азайтады. Санитарлық-гигиеналық тараптар жақсы жабдықталған болуы қажеттігін еске сала кетейік. Мүгедектерге (ерлер мен әйелдерге) арналған жеке кабиналары бар және унитаз, раковина, желдету жүйелері, жылыту, жарықтандыру және жеке гигиена құралдарымен жабдықталған болуы қажет.

Ауқымды жоспарлар

Демалыс маусымында туризмді танымал ету үшін Шығыс Қазақстанда кем дегенде үш ауқымды іс-шара өткізу жоспарлануда. Туризм тек саяхат, экскурсия және табиғатқа саяхат жасау ғана емес, сонымен қатар әлемді танып білу және әрқашан жаңа әсерлер алу екенін ескерсек, бұған ШҚО-ның тағы бір туристік брендіне айналған «Шығыс салбұрыны – 2023» бүркітшілер фестивалі тамаша мысал бола алады.

— Өңірге туристерді тарту мақсатында өткен жылдың қараша айында бүркітшілер фестивалі өтті, — деп еске алды Марат Қабақов. — Жүзден астам қатысушылар — бүркітшілер, сұңқаршылар мен тазы иелерінің басын қосқан шара халықаралық мәртебеге ие болды. Қатысушылар Қазақстанның түкпір-түкпірінен, Қырғызстаннан, Ресейден, Моңғолиядан және Қытайдан қатысты. Биылғы жылы біз бұл шараны қайталаймыз, ол жыл сайынғы және дәстүрлі шараға айналады. Сонымен қатар, ұйымдастырушылар қазір «Бұқтармафест» атты айтулы шараны жоспарлап отыр.

Туристердің тауға шығуы да дәстүрге айналуда. Мысалы, Ұлан ауданындағы «Қызылтасқа шығу» хайкинг*- шарасы. Туристер табиғаттың сұлулығын ыңғайлы ырғақта тамашалауға мүмкіндік алады. Бұл жаяу жүру жорығын тіпті жаңадан бастағандар да еңсере алады. Қытайдағы Қазақстанның туризм жылы деп жарияланған 2024 жыл өңірге бір миллионға жуық турист әкеле алады.

— Еліміздің шығысы экологиялық және ауылдық туризм бағытына қатысады. ҚХР үкіметі «Майқапшағай» БӨБ арқылы жыл бойына бір миллионға дейін туристерді қамтамасыз етуге дайын екенін хабарлайды, — дейді М. Қабақов. — Ірі шаралар кешені қалыптасты. Шығыс экологиялық және ауылдық бағыт ретінде кездейсоқ таңдалған жоқ. Аймақтың әлеуеті бастапқы қалпында сақталған бірегей табиғи нысандардың қомақты санына байланысты.

Шетелдіктер есепке алынады

Шығыс Қазақстан шетелдік туристер үшін тартымды екені сөзсіз, дегенмен құрғақ статистика цифрлары бұл танымалдықтың толық көлемін көрсетпейді. Марат Қабақовтың айтуынша, өткен жылы облысқа 30 мыңға жуық шетелдік келген.

— Туристер саны орналастыру орындарының иелерінің жылдық есептерімен ғана саналады, бірақ бұл ақпарат сенімсіз, — деп түсіндірді Марат Саятұлы. — Барлық туристер қонақүйлерге немесе демалыс орталықтарына тіркелмейді, сонымен қатар достарымен, туыстарымен немесе жалдамалы пәтерлерде тұруды қоса алғанда, өз демалысын өздері ұйымдастыратындар да бар.

ШҚО кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасы туристердің шамамен санын ұялы байланыс операторларының көмегімен анықтауға болатынын атап өтті. Бұрын бұл әдіс Алакөл жағасында (облыстар бөлінгенге дейін) жүргізіліп келген.

Енді Катонқарағай өңіріндегі ұялы байланыс операторларымен осындай әдісті қолдануды жоспарлап отыр. Дәл осы жерге демалысқа көбіне Еуропадан келген қонақтар келгенді жақсы көреді.

*Хайкинг — бұл табиғатқа жеңіл, жаяу жасалынатын қысқа саяхат.

0
0
0
0
0
0