43
3 часа назад

Зайсан ауданында «Мерген Ару – 2025» ашық аудандық жарысы өтті

Бүгін Зайсан ауданының спорттық модулінде 18 жасқа дейінгі қыздар арасында оқ атудан «Мерген Ару – 2025» атты ашық аудандық біріншілік өтті. Аталмыш жарыс Ұлы Жеңістің 80 жылдығы мен Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлованың 100 жылдығына арналды.

Жарысты Зайсан қаласының оқ ату орталығының төрешілері ұйымдастырды. Бұл шараның ерекшелігі – қатысушы қыздардың ұлттық киіммен өнер көрсетуі, бұл ұлттық дәстүрімізге деген құрметті айқындай түсті.

Жеңімпаздар мен жүлдегерлер аудан әкімі мен мәслихат төрағасының атынан арнайы дипломдар мен бағалы сыйлықтармен марапатталды. Белсенді қатысушылар алғыс хаттар мен арнайы номинациялармен марапатталды.

Шараға аудан әкімінің орынбасары Рамазанов Ришат Сағибекұлы, спорт ардагері Серікбаева Сәуле Жұмабекқызы, оқ атудан жарыс жүлдегерлері — Қанатбаевтар отбасы, Сейфуллина Дана және Қусанбаева Гүлзат құрметті қонақ ретінде қатысып, сөз сөйледі.

Іс-шара барысында Ұлы Отан соғысының ардагерлерін еске алуға ерекше мән берілді. Зайсан ауданынан соғысқа 7760 адам шақырылып, оның 6702-сі ұрысқа қатысқан. Соғыстан 3229 адам оралса, 1817-сі майданда қаза тауып, 2923 адам хабар-ошарсыз кеткен.

Біздің ауданнан шыққан батырлар — Кеңес Одағының Батыры Головченко Василий Евстафьевич, үш дәрежелі «Даңқ» орденінің иегері Бокажанов Қыдырпатша, соғыс батырларына теңестірілген Сарсекееев Ғадылбек пен Гутовский Виктор.

Сонымен қатар, 58 адам «Қызыл Жұлдыз» орденімен, 3 адам «Қызыл Ту» орденімен, 590 адам I және II дәрежелі «Жеңіс медальдарымен», 12 адам II-III дәрежелі «Құрмет орденімен» марапатталған. Бір азамат — «Құрмет орденінің» толық иегері.

Қазіргі таңда ауданда бір соғыс ардагері — 102 жастағы Құрманқожанов Закен ата тұрады. Жақында ол кісі туралы деректі фильм түсіріліп, оның тұсаукесері 9 Мамыр қарсаңында өтеді. Сонымен қатар ауданда 97 тыл еңбеккері тұрады.

Соғыс ардагері мен тыл еңбеккерлеріне бір реттік қаржылай көмек көрсетіліп, демеушілердің қолдауымен азық-түлік себеттері мен естелік сыйлықтар табысталады.

0
0
0
0
0
0