77
1 мая 2025

С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің базасында өңірлік агрофорум өтті

Форум аясында ауыл шаруашылығы техникаларының заманауи үлгілері, озық агротехнологиялар, дәнді дақылдардың түр-түрі, сүт және бал өнімдері, өңдеуге арналған химиялық препараттар және басқа да өнім түрлері ұсынылды. Көрмеге ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Аманғали Бердалин, ШҚО әкімі Нұрымбет Сақтағанов, Республикалық палата өкілдері, ұлттық қауымдастық басшылары және ғылыми ұйымдардың мүшелері қатысты.

Агроөнеркәсіптік кешен үшін маңызды авторлық жобаларды С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің ғалымдары да таныстырды. Университеттің аға ғылыми қызметкері Алмасбек Мәуліт және оның командасы тәжірибелі агрономның сандық баламасына айналатын портал әзірлеумен айналысуда. Жоба аясында топырақтың жағдайы, егіс жұмыстарының мерзімі, өнімділік пен тыңайтқыштардың көлемі туралы мәліметтер сақталатын сайт құрылады. Агрохимиялық талдауды мультиспектрлі камерасы бар дрон жүргізеді.

— Басты мақсатымыз — агрономдардың уақытын үнемдеп, тәуекелдерді азайту, — деп атап өтті Алмасбек Мәуліт.

Ол өз баяндамасында ауыл шаруашылығындағы су ресурстарын сақтау мәселесіне де тоқталды.

— Агроценоздарға азық-түлік жүктемесі артқан қазіргі жағдайда ауыл шаруашылығы алқаптарының ылғал режимін бағалау өте маңызды. Біз ылғал мен температураны өлшейтін арнайы датчиктер арқылы агроценоздардың су режимін инновациялық түрде бақылау және болжауды ұсынамыз. Бұл егіс жұмыстарын оңтайландырып, өнімділікті арттыруға бағытталған. Сонымен қатар, ДЗЗ, ГАЖ технологиялары мен машиналық оқыту әдістерін қолдану арқылы су тасқынын болжауға арналған ғылыми жобаны іске асырудамыз, — деді ол.

Университеттің жетекші ғылыми қызметкері Дастан Бүйткенов машина жасауға арналған тозуға төзімді материалдарды алу бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы айтты. Осы мақсатта 7 жыл бұрын «Беткі қабатты инжинирингтеу және трибология» ғылыми-зерттеу орталығы құрылған. Бұл — тозуға төзімділікті арттыруға арналған қорғаныш жабындарын әзірлейтін инновациялық технологиялар алаңы.

— Агрофорумда біз топырақты өңдеуге арналған машиналардың жұмыс органдарын таныстырдық. Олардың тозуға төзімділігі 14%-ға артты. Мұндай қызметті жабдықтарының сапасына мән беретін барлық өндіріс өкілдеріне ұсынамыз, — деді Дастан Бүйткенов.

С.Аманжолов атындағы ШҚУ-дың агроөнеркәсіп кешенінің тұрақты дамуына қосып жатқан үлесі мұнымен шектелмейді. Ғалымдар ауыл шаруашылығы дақылдарының тұқымдық материалына микологиялық талдау жүргізумен қатар, 125 In Vitro картоп сортын сауықтыру және өсірумен айналысады.

Агрофорумға университет студенттері де белсене қатысты. «Орман ресурстары, аңшылық және ара шаруашылығы» білім беру бағдарламасының бітіруші курс студенттері Алексей Гладышев пен Дарья Сабитова өз стартап жобаларын таныстырды. Олар – ара дернәсілі гомогенатын пайдалана отырып жасалған экологиялық таза араөнімі, бал, тозаң мен прополис сығындысынан жасалған денсаулық капсулалары, сондай-ақ ара дернәсілі негізіндегі жақпа май.

ШҚО әкімі Нұрымбет Сақтағанов университет ұжымының атқарған ауқымды жұмысын жоғары бағалады. Ол агроөнеркәсіп кешені өңір экономикасында екінші маңызды сала екенін атап өтті.

— Бұл сала тұрақты дамуда, еліміздің ауыл шаруашылығы өнімінің 5,6%-ын құрайды. Біздің өңір өсімдік майы, бал, шұжық өнімдері мен қымыз өндіруден республикада бірінші орында тұр, — деді өңір басшысы.

Сондай-ақ ол өсімдік шаруашылығындағы жетістіктерді ерекше атап өтті. 2024 жылдың қорытындысы бойынша ШҚО арпа (23,8 ц/га), бидай (23 ц/га) өнімділігі бойынша бірінші, рапс өнімділігі бойынша (24 ц/га) екінші, майлы дақылдар бойынша (19,1 ц/га) үшінші орынды иеленді.
Агрофорум соңында Нұрымбет Сақтағанов мұндай іс-шараларды жылына екі рет – көктемде егіс науқанына дейін және Ауыл шаруашылығы қызметкерлері күніне орай өткізу туралы ұсыныс білдірді.

0
0
0
0
0
0