12
3 часа назад

ШҚО әкімі Жеңістің 80 жылдығы қарсаңында 99 жастағы ардагерді құттықтады

Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов Жеңіс күні қарсаңында Глубокое ауданы Весёловка ауылында тұратын Ұлы Отан соғысының 99 жастағы ардагері Павел Еремеевич Стрехоны Жеңістің 80 жылдығымен құттықтады.

Павел Еремеевич Стрехо 1926 жылдың 23 ақпанында Марқакөл ауданының Рождественка ауылында дүниеге келген. Әскер қатарына 1943 жылы, небәрі 17 жасында шақырылды. 1944 жылы ол 3-ші Беларусь майданына жіберіліп, соғыстың соңына дейін сол жерде қызмет етті. Кейін ол Қиыр Шығысқа аттанып, Жапониямен соғысқа қатысты.

Туған ауылына оралған соң Павел Еремеевич мал шаруашылығы кешенінде электрик болып жұмыс істеді, отбасын құрып, жұбайымен бірге бес баланы тәрбиелеп өсірді.

1998 жылы Павел Еремеевич Стрехо Глубокое ауданының Весёловка ауылына көшіп келіп, қазірге дейін осы ауылда тұрады.

Соғыс ардагерінің иелігінде бірнеше мемлекеттік марапаттар бар: Даңқ ордені (III дәрежелі), Отан соғысы ордені (I дәрежелі), «Жауынгерлік ерлігі үшін», «Кёнигсбергті алғаны үшін», «Германияны жеңгені үшін», маршал Жуков медалі және мерейтойлық медальдар.

Облыс әкімі ардагерге зор алғысы мен терең құрметін білдіріп, Жеңіс жолындағы ерлігі мен батырлығын атап өтті.

– Сізге мықты денсаулық, жан тыныштығы, жақындарыңыздың қамқорлығы мен амандық тілеймін, – деді ол келесі жылы 100 жасқа толатын Павел Еремеевичке.

 

0
0
0
0
0
0