177
27 мая 2025

ШҚО, Өскемен: әлеуметтік маңызды азық-түліктерді бекітілген бағамен сату жалғасуда

«Ертіс» ӘКК» АҚ баспасөз қызметі

Қазіргі таңда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасын тұрақтандыру бағдарламасы аясында «Ертіс» Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының сауда павильондарында маусымаралық кезеңге арналған көкөніс өнімдерін бекітілген бағамен сату жүзеге асырылуда.

Ағымдағы жылдың сәуір айында Шығыс Қазақстан облысы бойынша әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының тұрақтылығын қамтамасыз ету жөніндегі комиссия шешімімен осы өнім түрлеріне арналған бағалар бекітілген болатын.

Маусымаралық кезеңге — 31 шілдеге дейін — төрт түрлі көкөніс өнімі бекітілген баға бойынша саудаға шығарылды: картоп — 263 теңге/кг, сәбіз — 185 теңге/кг, пияз — 163 теңге/кг, қырыққабат — 263 теңге/кг; қарақұмық — 181 тг/кг, күріш — 432 тг/кг, қант — 417 тг/кг, өсімдік майы — 720 тг/кг, макарон өнімдері — 305 тг/кг. Аталған өнімдер тұрақтандыру бағдарламасына қарасты сауда павильондарында («тұрақтандыру қорының киоскілері» ретінде танымал) халыққа қолжетімді.

Маусымаралық кезеңдегі бұл шара көкөніс бағасы әдетте қымбаттайтын уақытта тұрғындарды қолдауға бағытталған. Бұл кезеңде көктемгі егіс жұмыстары жүргізіледі, соған байланысты нарықта өнім көлемі азайып, бағалар өсе түседі. Айта кету керек, тамыз, қыркүйек және қазан айларында — саяжай иелері мен ауыл шаруашылығы өндірушілері өнімін жаппай саудаға шығаратын уақытта — тұрақтандыру бағасымен сату уақытша тоқтатылады. Бұл — жергілікті өндірушілерге өз өнімдерін еркін өткізуге мүмкіндік беру мақсатында қолға алынып отыр.

Ағымдағы жылдың 1 қарашасынан бастап 2026 жылдың мамырына дейін бағаны тұрақтандыру бағдарламасының күзгі-қысқы кезеңі қайта басталады. Картопты қоса алғанда, әлеуметтік маңызы бар негізгі азық-түлік тауарларын жеткізу бойынша келісімшарттар жасалып қойған. Бұл алдағы маусымда бағаның тұрақтылығын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар келесі жылдың көктеміне арналған өнім қоры да алдын ала қарастырылған.

0
0
0
0
0
0