«Samruk Umiti»: 20 шығысқазақстандық жас энергетик мамандығын тегін меңгеруге мүмкіндік алды
Балалар үйіндегі 20 жасөспірім «Samruk Umiti» кәсіби бағдарлау жобасына қатысып, Шығыс Қазақстан облысындағы Жоғары политехникалық колледжге «Электроэнергетика» мамандығына грант негізінде тегін оқуға жолдама алды.
Бұл мүмкіндік «Самұрық-Қазына» компаниялар тобы атанан Өскемен гидро электр станциясы тарапынан ұсынылды. Грант тек оқу ақысын ғана емес, сонымен қатар ай сайынғы шәкіртақыны, тегін тамақтану мен жатақханада тұруды қамтиды. Үш жыл ішінде студенттер ГЭС базасында өндірістік тәжірибеден өтіп, нақты мамандық бойынша кәсіби машықтарын жетілдіреді. Ал үздік нәтиже көрсеткен түлектер болашақта осы кәсіпорынға жұмысқа орналасу мүмкіндігіне ие болады — әлеуметтік пакетпен және тұрақты жалақымен қамтылады.
«Жұмысшы мамандықтар жылында, әрі нарықта техникалық және өндірістік мамандықтарға деген сұраныс әрқашан жоғары. Ал тәжірибеге негізделген кәсіп иесі болу — жастар үшін нағыз әлеуметтік лифт. Павлодар мен Шығыс Қазақстан облыстарындағы 8–9 сыныпта оқитын 100-ге жуық оқушыны қамтитын «Samruk Umiti» жобасы жасөспірімдердің әлеуметтенуіне, мамандық таңдауына және нақты өндіріс саласына бейімделуіне септеседі. Биыл 54 бала 9-сыныпты аяқтап, олардың 30-дан астамы колледждерге, оның ішінде жұмысшы мамандықтарды меңгеруді жоспарлап отыр», — дейді «Samruk-Kazyna Trust» қорының бас директоры Альфия Адиева.
«Samruk-Kazyna Trust» қоры жүзеге асыратын бұл жобада балалармен менторлар мен психологтар тұрақты жұмыс жүргізіп келеді. Олар жасөспірімдердің қаржылық және құқықтық сауаттылығын арттырып, әлеуметтік маңызды дағдыларды қалыптастыруға көмектесуде. Сонымен қатар, оқушылар кәсіби колледждерге, Үлбі металлургия зауытына, Өскемен ГЭС-іне, сондай-ақ «KEGOC», «Қазпошта» және «ҚТЖ» компанияларының филиалдарына барып, өндіріс орындарымен танысты.