52
5 часов назад

Улан ауданында орман өрті сөндірілді

Шығыс Қазақстан облысының Улан ауданында 20 маусым күні Алғабас ауылы маңындағы Синегорье орман шаруашылығы аумағында шыққан орман өрті жедел түрде сөндірілді.

Түтін сағат 14:26 шамасында байқалды. Өрт шыққан жерге дереу орман күзеті мен төтенше жағдайлар қызметінің күштері жіберілді. Өртті сөндіруге 20 орман күзетшісі мен 5 техника, сондай-ақ аудандық ТЖ бөлімінен 7 қызметкер, өрт сөндіру техникасы, дрон және спутниктік байланыс құралдары жұмылдырылды.

Өскемен қаласынан қосымша 12 адамнан тұратын топ келіп көмектесті. Жердің қолжетімсіздігіне байланысты өрт сөндіруге Ми-8 тікұшағы тартылып, ол сегіз рет су төгіп, өрттің негізгі ошағын сөндіруге көмектесті.

Өрт сағат 06:45 шамасында 0,25 гектар аумақта оқшауланып, сағат 07:00-де толықтай сөндірілді.

Алдын ала мәлімет бойынша, өрттің шығуына найзағай себеп болған.

0
0
0
0
0
0