13
час назад

Үй жануарларын міндетті тіркеу және чиптеу туралы не білу керек?

2023 жылдың 1 қыркүйегінен бастап Қазақстанда иттер мен мысықтарды міндетті түрде тіркеу және чиптеу күшіне енді. Басқа үй жануарлары (теңіз шошқалары, шиншиллалар, сәндік егеуқұйрықтар, күзендер, тасбақалар, атжалмандар және т. б.) иесінің қалауы бойынша тіркеледі. Мұндай тіркеудің қажеттілігі неде және үй жануарларын қайда, қалай тіркеу керектігі жайында Шығыс Қазақстан облысының ветеринария басқармасының «Өскемен-Вет» ШЖҚ КМК директоры Жұмағазы Оразалинмен сөйлестік.

Тіркеу — бұл үй жануарлары мен оның иесі туралы мәліметті ақпараттық жүйеге енгізу және жануардың электрондық паспортын қалыптастыру болып табылады. «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» Қазақстан Республикасының Заңы бойынша мысықтар мен иттерді тіркеу міндетті. Оларға жеке нөмір беріледі. Паспорт электронды түрде жасалады, сондықтан өзіңізбен бірге тағы бір төлқұжатты алып жүрудің қажеті жоқ: үй жануары туралы барлық ақпарат чиптен немесе басқа есепке алу құралынан сканермен оқылады.

Паспортта үй жануарының қайда тұратыны және ол туралы басқа да ақпарат көрсетіледі: түрі, аты, тұқымы, жынысы, түсі, туған күні, жасы; есепке алу бұйымының (құралының) түрі, нөмірі және деректері; үй жануарының жеке нөмірі; вакцинация және стерилизация туралы мәліметтер.

Сонымен қатар есепке алу жүйесі төрт аяқтылардың өміріндегі маңызды оқиғаларды да тіркейді: туу, қараусыз қалған (таңбаланбаған) жануарды табу, таңбалау, жоғалып кету, өлім, клиникалық тексеру нәтижелері бойынша ауру белгілерін анықтау, ветеринариялық-профилактикалық іс-шаралар (вакцинация, сынама алу, паразиттерге қарсы емдеу, зертханалық зерттеулер); карантин, тұратын орнының ауысуы (бастапқы орнындағы тіркеуден алып тастау және басқасына тіркеу), иесінің ауысуы.

Ақпараттық базаға үй жануарларының иесі туралы мәліметтер енгізіледі: жеке сәйкестендіру нөмірі (ЖСН), жеке тұлғаның тегі, аты, әкесінің аты (бар болса) немесе заңды тұлғаның бизнес-сәйкестендіру нөмірі (БСН) және атауы; егер ол жеке тұлға болса, иесінің тұрғылықты жері немесе заңды тұлға болса, заңды мекенжайы; байланыс деректері.

Үй жануарын ветеринариялық клиникада немесе https://tanba.kezekte.kz сайты арқылы өзіңіз тіркей аласыз, бірақ таңбаны қою үшін бәрі бір ветеринарға жүгінуіңіз керек. Үй жануарларын есепке алу үй жануарларын есепке алу бұйымдарын (құралдарын) пайдалана отырып, ветеринариялық клиникада ақылы негізде жүргізіледі. Иелері оларды өздері таңдап, сатып алады, бұл чиптер, болюстер, білезіктер, қарғыбау, әбзел, электронды таңбалар, бирка (құлаққа қойылады), татуировкалар болуы мүмкін.

Иелері халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын болса, үй жануарларына чип тегін (бюджет қаражаты есебінен) қойылады.

— Үй жануарларын тегін чиптеуге құқығы бар адамдар бізге Меновное ауылы, Горький көшесі, 11а мекенжайы бойынша орналасқан Өскемен-Ветке келе алады, — деп хабарлады Жұмағазы Оразалин. — Өзіңізбен бірге зейнетақы куәлігін, телефонды алып, ЖСН-ды атауыңыз қажет. Телефонның болуы міндетті, себебі оған тіркелу коды жіберілетін болады. Үй жануарларын осында чиптейміз. Чип жануардың денесіне шприц арқылы енгізіледі. Бізде еңбек өтілі 35 жылдан асатын өте тәжірибелі ветеринарлар бар, сондықтан бұл процесс тез әрі ауыртпай өткізіледі. 2023 және 2024 жылдары келушілер мұнда кезекте тұратын, ал қазір үй жануарларының көпшілігі чиптелген, сондықтан күтудің қажеті жоқ. Биыл біз тек 45 үй жануарына чип салдық.

Заң шығарушылардың пікірінше, есепке алу иелерінің үй жануарларына деген жауапкершілігін арттырып, олар жоғалған жағдайда іздеп табуға көмектесуі керек. Үй жануарларымен қатар панажайларда тұратын жануарларға да чип салынатыны жайында айта кеткен орынды.

Егер ит немесе мысық жоғалып кетсе немесе көшеде қалатын болса, онда ақпараттық жүйенің көмегімен оларды табу оңайға түспек, сонымен қатар жануарды әдейі тастап кеткен жағдайда иелерін жауапқа тарту оңайырақ болады.

Жақында жануарлардың чиптерін оқуға арналған сканер учаскелік инспекторларға беріледі. Бұл көшеде табылған иттің немесе мысықтың иесін тез табуға септігін тигізеді.

Енді иті адамға шабуыл жасаса, иесінің жазадан құтылуы қиынға түспек. Өйткені ол: «Ит менікі емес», — деп жауапкершіліктен қаша алмайды, жүйе жануардың иесін тез арада анықтауға көмектеседі.

Үй жануарларын тіркеу «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» Заңмен (11-бап), ҚР экология, геология және табиғи ресурстар министрінің бұйрығымен бекітілген Үй жануарларын есепке алу қағидаларымен, есепке алу қағидаларын бұзғаны үшін жауапкершілікті белгілейтін «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодекске түзетулермен реттеледі (407-2-баптың 1-тармағы).

Үй жануарларын тіркемеген азаматтарға айыппұл салынады: жеке тұлғалар үшін — 10 АЕК, лауазымды тұлғалар үшін — 20 АЕК, заңды тұлғалар үшін — 30 АЕК мөлшерінде.

0
0
0
0
0
0