Өскеменде жастар арасындағы суицид пен қауіпті тәуелділіктердің алдын алудың тиімді жолдарын іздестіруде
ШҚО-да жастар арасындағы қылмыс көбейіп барады. 2025 жылы жиырмадан астам жас буын өкілі өз-өзіне қол жұмсауға әрекеттенді. Себебі — болашаққа деген сенімнің болмауы мен психологиялық және тұрмыстық қиыншылықтарды еңсере алмауы. Жуырда облыс орталығында құқық қорғау органдарының, психологтар мен педагогтардың қатысуымен лудоманияның, нашақорлықтың және суицидтің алдын алу мәселелеріне арналған дөңгелек үстел өтті. Мамандардың айтуынша, осы мәселелерді шешуде формалды тәсілдерді пайдалану бүгінде тиімсіз.
Қауіпті тенденциялар
2025 жылы Шығыс Қазақстанда кәмелетке толмағандар жасаған қылмыстар саны күрт өсті. Жыл әлі аяқталған жоқ, дегенмен қазірдің өзінде 77 жағдай тіркелген. Өткен жылы олардың саны 49 болды.
— Бұл қылмыстардың бесеуі — аса ауыр, — деді ШҚО прокурорының аға көмекшісі Аслан Жексембаев. — Осындай қылмыстарды жасағаны үшін ересек адам 25 жылға немесе өмір бойына бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Балаларға ондай жаза тағайындалмайды, бірақ салдары одан өзгермейді. Тағы 20-ы ауыр қылмыс санатында. Жеке адамға қарсы қылмыстар саны 26, оның жетеуі — ауыр дене жарақаттары, яғни кісі өлтіруге жақын, бірақ, бақытына орай, зардап шеккен адам тірі қалған, және бесеуі — жыныстық зорлық-зомбылықпен байланысты. Меншікке қарсы 36 қылмыс жасалған, олардың көпшілігі — ұрлық, арасында екі тонау және екі қорқытып алу фактісі бар.
Құқық қорғау органдарының қызметкерлері бұл сандардың шын мәнінде одан да көп болуы мүмкін деп санайды. Өйткені біреулер ақшасын тартып алғаны жайында ашық айта алатын жасөспірімдер көп емес. Құқық бұзушылықтарды жасыруға ықпал ететін тағы бір фактор — рейтингтеріне кері әсерін тигізбеуі үшін кейде мектептер мұндай фактілерді жасыруға тырысады.
— Егер бала құқық бұзушылық жасаса, демек, мектебі нашар деген ой туады, — деп түсіндірді ювеналды полицияның ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Әйгерім Бейсембаева. — Балалардың тағдыры ешкімді қызықтырмайды, басты назар мектептің беделіне аударылады. Заңда қылмыс туралы хабарламау үшін жауапкершілік қарастырылған, біз де тәрбиешілер мен педагогтарға кез-келген заңсыз әрекеттер туралы дереу 102-арнаға хабарлау қажет екені жайында үнемі айтып отырамыз, сонда да жасыру жағдайлары орын алатын кездер болады.
Қолжетімді бола түскен синтетикалық есірткінің таралуына қатысты жағдай да алаңдатарлықтай.
— Біз бұл соғыста жеңіліп қалдық, — деп дабыл қағады Аслан Жексембаев. — «Синтетика» — бұл бір жақтан алып келетін героин сияқты емес. Оны тез арада өз қолыңмен жасауға болады. Тоғыз компоненттің алтауына оңай қол жеткізуге болады. Біз қанша күрессек те: есірткі зертханалары мен өткізу арналарын жойып, сайттарды жапсақ та – қалада және облыста есірткі азайғанын сөзініп отырған жоқпыз. Интернеттің көмегімен кез-келген адам кез-келген жерден тапсырыс жасап, оны белгіленген орыннан алып кете алады.
Бүгінгі таңда құқық қорғау органдары нақты деректерді қалай алуға болатындығы туралы мәселе көтеруде. Ювеналды полиция арнайы есепте тұрған балалардың болуы немесе болмауы туралы тармақты оқу орындарының рейтингінен алып тастау жайында ұсыныс білдірді. Бәлкім, осыдан кейін мектептер оқушылардың ұсақ-түйек қателіктерін жасыруды қоятын шығар, сол кезде оларды ауыр қылмыс жасамай тұрып тоқтатуға мүмкіндік туады.
Өмір мәнсіз бе?
Жастар арасындағы суицидке қатысты жағдай да мәз емес. Өңірлік психологиялық қолдау және көмек орталығының мәліметінше, ағымдағы жылдың он айында 27 адам өз-өзіне қол жұмсамақ болған. Осы әрекеттің төртеуі қайғылы аяқталды.
Жастарымыздың неліктен есірткіге салынып немесе өз-өзіне қол жұмсайтынын түсіну үшін ШҚО-да Қазақстан Республикасының Қоғам дамуын ақпараттық колдау жеке қоры әлеуметтік сауалнама жүргізді. Сауалнамаға әлеуметтік тобы, жасы және білім деңгейі әртүрлі жастар қатысты. Нәтижелері зерттеушілерді есеңгіретті.
Сауалнамаға қатысқандардың жартысынан көбі үрей мен күйзеліс жағдайын жиі бастан кешеді, ал жастардың 8,6 пайызы мұны үнемі дерлік сезінеді екен.
— Ең қорқынышты әрі маңызды сұрақ: «Сізде өмірдің мәні жоқ деген ой болады ма?», — деді әлеуметтанушы Сергей Пизиков алынған мәліметтерді талдай отырып. — Сауалнамаға қатысқандардың 40 пайызында бұл ойлар белгілі бір дәрежеде пайда болған.
Әлеуметтік сауалнамаға сәйкес, жастардың көпшілігі қолдауды отбасыдан, ата-аналарынан іздейді. Бұл қазіргі ата-аналардың жастар үшін беделі жоқ деген кең тараған пікірді жоққа шығарады. Өкініштісі, жастар отбасында өздеріне қажетті көмекті әрдайым ала бермейді.
— Қылмыстық істер бойынша жұмыс істеген көп жылдық тәжірибемде қылмыстық сот өндірісі аясында отбасындағы жағдайы жақсы болған бірде-бір баланы кездестірген емеспін, — деп мойындайды ШҚО бойынша бала құқықтары жөніндегі уәкіл Аксана Каленова. — Әр жолы баланың мүлдем басқа мәселелермен әуре болған ата-анасының назарынан тыс қалғаны айқын көрінетін. Мұндай баланың арнайы мекемеде өскен балалармен салыстырғанда дағдылары жақсырақ болғанымен, ол бәрібір де өмірге бейімделмеген. Өйткені ата-аналары онымен айналыспайды.
Бүгінгі таңда барлық оқу орындарында, соның ішінде колледждер мен университеттерде педагог-психологтар жұмыс істейді, олардың функционалдық міндеті оқушылардың мәселелерін шешуге көмектесу болып табылады. Алайда, зерттеу көрсеткендей, олардың көмегіне жүгінетіндер аз ғана.
— Сауалнамаға қатысқандардың 40 пайызы «бұл туралы естіген, бірақ оған қалай жүгіну керектігін білмейді» немесе мұндай адамдардың бар екенін мүлде білмейді, — деп атап өтті Сергей Пизиков. — Респонденттердің 60 пайызы дерлік қиыншылықтарды өз күшімен еңсере алатынына сенеді.
Жасөспірімдер психологқа бармайды, себебі олар психологтың сау адамдармен жұмыс істейтінін түсінбейді және «Сен жындысың ба?» деген сияқты келемеждеуден қорқады.
Бірақ бұл жалғыз себеп емес. Сауалнама нәтижесі бойынша психологтарға деген сенбеушілік екінші орында тұр. Бұл мамандық бойынша білім алған түлектердің кәсіби біліктілігі күрделі мәселелермен жұмыс істеу үшін жеткіліксіз.
— Жоғары оқу орны, былайша айтқанда, «барлық істі бірдей атқара алатын» психологтарды шығарады, — деп түсіндірді ШҚО психикалық денсаулық орталығының психологы Перизат Тоқтағанова. — Психологтың қызметіне қатысты регламент белгіленбеген. Біз лицензия алмаймыз. ЖОО-ны бітірген кез келген адам суицидтік мінез-құлықпен, тәуелділіктермен жұмыс істей алады деп саналады. Бірақ бұл олай емес. Бұл арнайы бейінді бағыттар, олармен жұмыс істеу үшін маман өз қаражатына қосымша білім алуға мәжбүр.
Мектеп психологы — бұл негізінен бүкіл сыныптармен түрлі диагностикаларды, профилактикалық әңгімелесулерді және басқа да іс-шараларды өткізу сияқты көптеген міндеттерді атқаратын педагог. Күрделі жағдайлармен жекелей жұмыс істеу үшін оған көбінесе біліктілік қана емес, уақыт та жетіспей жатады.
Балалардың өздерінің жанын мазалаған мәселелермен маманға жүгінбеуінің үшінші себебі — олардың жағдайы баршаға белгілі болады деген қорқыныш. Әлеуметтік сауалнаманың нәтижелері осыны көрсетті.
— Балалар психологқа бармайды, өйткені ол үлкендерге бәрін айтып береді, — деді Жеткіншектер үйінің 17 жасар тәрбиеленушісі Володя. — Ал ата-аналары оларды психиатрға апарады. Сондықтан да сенбейді.
Мұның бәрімен не істеу керек? Алдымен дөңгелек үстелде психологтарды даярлау жүйесін өзгерту ұсынылды. Бүгінгі таңда қалаға бір уақытта бірнеше міндетті атқарып жүретін қызметкерлер ғана емес, сонымен бірге суицидке бару ықтималдылығы бар, ойынқұмар, бұзақы жастармен мақсатты түрде айналысуға қабілетті мамандар қажет.
Балалар омбудсменінің пікірінше, еңбек ұжымдарының қиын жасөспірімдерді қамқорлыққа алу жүйесін қайта жандандыру пайдалы болар еді.
— Өйткені құқық бұзушылар бұл көбінесе ұл балалар, — деп есептейді Аксана Каленова. — Олардың өмірлерінде белгілі бір жетістікке жеткен, үлгі болуға тұрарлық ер адамның болуы маңызды.
«Біз жай ғана қорқамыз!»
Неліктен олар күндердің бір күнінде өз өмірлерін қиюға бел буады? Өйткені өздерінің проблемасына және түрлі тәуелділіктерге шырмалып, одан шығудың жолын көрмей, кімге сенуге болатынын білмейді.
— Ойынқұмар адамдардың 80 пайызы көмекке жүгінбейді, — деп алаңдаушылығын білдірді Перизат Тоқтағанова. — Олар бізге өз-өзіне қол жұмсау әрекетінен кейін ғана келеді. Сонда ғана олардың қарыздары бар екені және оны тәуелділік тудырғаны белгілі болады.
Дегенмен, жастардың айтуынша, оларды казиноға итермелейтін құмар ойынға деген қызығушылық қана емес. Владимир стоматолог-протезист мамандығы бойынша колледже білім алуда. Осы мамандықты ол өз қалауымен тандаған жоқ, бұл ата-анасының шешімі. Бозбаланың өзі құқық қорғаушы болғысы келеді екен. Бірақ таңдау құқығы оның қолында емес. Жеткіншектер үйінің тәрбиеленушісі қалайда осы өмірде өз орнын табуы керек.
— Міне, біз жақында 18-ге толамыз, содан кейін не болады? — деп уайымын айтты Володя. — Көбісі маскүнемдікке салынып, қаңғыбастың күнін кешетін болады. Иә, біз пәтер кезегінде тұрмыз. Жарайды, пәтер бізге 30-ға келгенімізде беріледі делік. Көбі ол жасқа да жетпейді. 16 жасымызда бізді ешқандай жұмысқа алмайды. Біз даяшы болып жұмыс істейміз, бірақ бұл қандай жұмыс? Құмар ойындарға деген тәуелділік туралы айтып жатыр. Ал казино бізге ақша табуға көмектеседі, әйтсе де бір кездері сол ақшаны жоғалтармыз. Жолымыз болып, ұтысқа жететін де шығармыз.
Айтуынша, өзі сияқты бозбалалар әскерге барудан да қорқады. Олар әлі де өздерін бала санайды. Шын мәнінде өсіп жетілу үшін оларға өмірлік дағдылар жетіспейді. Олар қайда жұмыс істеп, күндерін қалай көретіндерін білмейді. Сондықтан кейбіреулері проблемаларды шешкеннен гөрі, өмірімен қош айтысу оңайырақ деген шешімге келеді.
— Мемлекеттік әлеуметтік тапсырысқа балаларға арналған «бизнес-инкубатор» сияқты жобаны енгізсек жақсы болар еді, — деп өз ұсынысын білдірді Аксана Каленова. — Мысалы, мобилограф немесе визажист мамандықтары бойынша білім алып, осыдан табыс табуларына болады. 14-15 жастағы жасөспірім үшін бұл қолжетімді. Және мұндай нәрсе оны қызықтыруы мүмкін.
Іс-әрекет өрісі
Мемлекет жастардың мәселесін шешуге тырыспайды деп айтуға болмайды. Бір ғана жоба аясында Қоғам дамуын ақпараттық колдау қоры үш айдың ішінде 29 офлайн-семинар ұйымдастырды. Қалалық ішкі саясат бөлімі биыл студенттер арасында психологтардың қатысуымен 35 кездесу өткізді. Лудомания, құмар ойындарға тәуелділіктің алдын алу бойынша 40 профилактикалық кездесу, есірткіге қарсы жұмыс аясында тағы 50 шара ұйымдастырылған болатын.
— Алайда осы шаралар өз нәтижелерін бермей жатыр, біз оны статистикадан көріп отырмыз, — деп мойындайды Қоғам дамуын ақпараттық колдау жеке қорының директоры Ольга Свириденко.
Мұндай кездесулердің пайдалы әсер коэффициентін төмендететін нәрсе — бір-бірінің алдында батыл болып көрінгісі келетін қиын жасөспірімдердің психологиясы.
— Прокуратураның бастамасымен есепте тұрған барлық балаларды жинап, оларға спорт секциялары жайында айту үшін жаттықтырушылармен кездесу ұйымдастырылды, — деді балалар омбудсмені Аксана Каленова. — Балалар топ болып келді де, тұрып-тұрып, айналадағыны мазақ етіп күлкіге айналдырды. Тіпті қызығушылық танытқандардың өзі мұны мойындауға ұялды. Себебі қалғандардың бәрі күліп жатты. Содан кейін мен жаттықтырушылармен сөйлестім. Сөйтсем, солардың ішінде санаулылары ғана бұл жасөспірімдерді тегін негізде қабылдауға дайын екен.
Ювеналды полиция қызметкерлері атап өткендей, жасөспірімдер жасаған қылмыстарды тергеу кезінде олардың үйірме немесе секция мүшелері ретінде тізімге алынғаны, бірақ іс жүзінде оған қатыспағаны белгілі болған. Міне, жалған есеп берудің тағы бір айғағы!
Бірақ өзін-өзі жүзеге асыруға, өзін көрсетуге деген қажеттілік әр адамда бар емес пе? Дөңгелек үстелде жастар өздерінің жеке дағдылары мен таланттарын көрсете алатын қалалық іс-шараларды көбірек өткізу туралы ұсыныс айтылды. Ондай шараға мысал ретінде жуырда қалалық әкімдік ұйымдастырған нашақорлыққа қарсы граффити байқауын атауға болады. Сондай-ақ мұндай іс-шаралардың өткізілуі туралы балалар алдын ала біліп, оған дайындалып, жетістікке жетуді армандаса жақсы болар еді. Өйткені көп жағдайда қоғамға жат мінез-құлық — бұл жасөспірімнің айналасындағы адамдарға өзінің бар екенін көрсету, өзіне назар аударту тәсілі болып табылады.
Бүгінде қалада жастардың бойындағы энергияны сыртқа шығаруға көмектесетін спорт нысандары көптеп салынуда.
— Қала бойынша барлығы 42 аула алаңы жабдықталды, — деп деректерді келтірді Өскемен қаласының ішкі саясат бөлімінің басшысы Ринад Ахметжанов. — Оның ішінде 16 аймақ – жастарға арналған, қаланың барлық бөлігінде тоғыз футбол алаңы және 18 балаларға арналған алаң бар. Әсіресе адамдар көп жиналатын жерлерде белсенді демалыс орындары мен спорт алаңдарын орналастыруға ерекше назар аударамыз. Биыл Шешек асуында белсенді демалыс аймағын аштық. Ертіс көпірінің астында жастарға арналған спорт алаңдары жабдықталды, онда түрлі субмәдениет пен спорт қозғалыстарының өкілдері өздерін жүзеге асыра алады.
Жекелей жаттығу жасауға арналған мүмкіндіктер бар. Енді жас буын өкілдеріне өз күштері мен таланттарын бір жерде көрсетуге мүмкіндік беру керек. Өкінішке орай, мұндай шаралар бізде әзірге көп емес.
Сөз соңында
Дөңгелек үстел барысында көптеген орынды ұсыныстар айтылды. Олардың кейбіреулерін, соның ішінде психологтарды даярлау тәсілдерін өзгертуді тек республикалық министрліктер мен ведомстволар деңгейінде ғана жүзеге асыруға болады. Демек, оның қашан және қалай орындалатыны белгісіз.
Ал еңбек ұжымдарының жасөспірімдерді қамқорлыққа алуы немесе жастар өз таланттарын көрсете алатын фестивальдар өткізу сияқты ұсыныстарды жергілікті деңгейде толықтай жүзеге асыруға болады.
ШҚО прокуратурасы бұл идеяларды жинақтап, оларды жай ғана айтылған сөз түрінде қалдырмай, нақты іске асыру мерзімдері мен жауапты тұлғаларды белгілеуді көздеп отыр. Сонда ғана нақты нәтижелерге қол жеткізуге болады. Ең бастысы, осының бәрі нақты шешу жолы жоқ жалпылама міндеттер қойылған кезекті қарармен аяқталып қалмаса болғаны. Өйткені осы мәселені одан әрі кейінге қалдыруға болмайды. Өмір бір-ақ рет беріледі және жастар сол өмірлерін бүгін сүріп жатыр.
Фото: pixabay