34
13 декабря 2025

2026 жылдан бастап қазақстандықтардың өмірінде не өзгереді?

2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстан Республикасында жаңа Салық кодексі күшіне енеді. Оның қабылдануын бизнесмендер де, бухгалтерлік есептен хабары бар қарапайым азаматтар да үреймен күтті. Жаңа кодекстің қабылдануымен талқылау кезінде айтылған қауіп пен үміт ақталды ма?

Бәрімізді не күтіп тұр?

Жаңа Салық кодексін әзірлеу өзгермелі экономика, цифрландыру, әлеуметтік саясатты кеңейту және салық жүктемесін әділ бөлуге ұмтылу жағдайында қажеттілікке айналды. Салық заңнамасының соңғы ауқымды қайта қаралуы он жылдан астам уақыт бұрын жүргізілді және содан бері салық жүйесінің тым күрделенуінен бастап көлеңкелі экономиканың өсуіне дейінгі көптеген мәселелер орын алды.

– Бұл салықтық әкімшілендіруді жеңілдету жөніндегі мемлекет басшысының тапсырмасы еді, – деп түсіндірді ШҚО бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің түсіндіру жұмысы және байланыс орталығы басқармасының басшысы Гүлмира Сабралимова. – Бұл тапсырма орындалды. Көптеген салық нормалары жетілдірілді.

Редакция бұрынғы жағдай қандай болғанын, енді не өзгеретінін және бұл өзгерістердің сіз үшін қандай мәні бар екенін түсіндіре отырып, өзгерістерге қысқаша шолу дайындады.

Қосылған құн салығының артуы

Не өзгерді:

2026 жылдан бастап қосылған құн салығының (ҚҚС) базалық мөлшерлемесі 16 пайыз болады.

Қалай болды:

2009 жылдан бастап мөлшерлеме 12 пайызды құраған.

Бұл нені білдіреді:

ҚҚС барлық дерлік тауарлар мен қызметтердің құнына кіреді. Оның өсуі бағаға, әсіресе бөлшек сауда мен қызмет көрсету саласына әсер етеді деп болжау қисынды.

Дәрі-дәрмек пен медицинаға ҚҚС-тың төмендеуі

Не өзгерді:
Дәрі-дәрмек пен медициналық қызметтерге төмендетілген мөлшерлемелер енгізіледі: 2026 жылы – 5 пайыз, 2027 жылы – 10 пайыз.

Бұл ретте Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі (ТМККК) мен Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) аясындағы қызметтер, сондай-ақ Үкімет айқындайтын тізбе бойынша әлеуметтік мәні бар ауруларды емдеу ҚҚС-тан босатылады.

Қалай болды:
12 пайыз – барлығына ортақ мөлшерлеме.

Бұл ретте бекітілген тізбеге енген кез келген нысандағы дәрілік заттарды өткізу бойынша айналым және медициналық көмек көрсету ҚҚС-тан босатылған еді.

Бұл нені білдіреді:
Медициналық көмек пен дәрі-дәрмек басқа тауарларға қарағанда азырақ қымбаттауы мүмкін.

Әлеуметтік саладағы ҚҚС-тан босату

Не өзгерді:
ҚҚС салынбайды: 

  • ТМККК мен МӘМС аясындағы қызметтер.
  • Әлеуметтік мәні бар ауруларды емдеу.
  • Баспа түріндегі кітап шығару.
  • Археологиялық жұмыс жүргізу.

Бұл нені білдіреді:
Мемлекет кепілдік берген медициналық көмек көлемі тегін, ал кітаптар мен мәдениет қолжетімді болып қала береді деп болжауға болады.

Баспа БАҚ үшін ҚҚС төмендетілді

Не өзгерді:

Газет пен журналдар үшін ҚҚС 10 пайызға дейін төмендетілді.

Қалай болды:

12 пайыз.

Бұл нені білдіреді:

Бәлкім, баспа БАҚ соншалықты тез қымбаттамайтын шығар. Өкінішке орай, ҚҚС газет-журналдың бағасына әсер ететін жалғыз нәрсе емес.

ҚҚС бойынша тіркеу шегінің төмендеуі

Не өзгерді:
Енді бизнесмендер 10 000 АЕК-тен (40 миллион теңгеге жуық) жоғары айналым жасағанда ҚҚС төлеуші ретінде тіркелуге міндетті.

Қалай болды:
Бұл шек 20 000 АЕК (78,6 миллион теңгеге жуық) болған.

Бұл нені білдіреді:
Көптеген шағын кәсіпкерлер енді ҚҚС төлеуге міндеттеледі. Бұл бағаның өсуіне және жеке кәсіпкерге қосымша жүктеменің түсуіне әкелуі мүмкін. Алайда бұл ретте арнайы салық режимдеріне көшкендер ҚҚС төлемейді.

Зейнетақының салықтан босатылуы

Не өзгерді:

БЖЗҚ-дан төленетін зейнетақы жеке табыс салығынан (ЖТС) босатылады. БЖЗҚ-дан зейнетақы төлемдері және біржолғы зейнетақы төлемдері ЖТС-тан босатылатын болады.

Қалай болды:

Біржолғы төлемдерден 10 пайыз мөлшерінде ЖТС ұсталған.

Бұл нені білдіреді:

Зейнеткерлер төлемдерді салықтық шегерімдерсіз, толық көлемде алады.

Ескі автокөліктерге көлік салығының төмендетілуі

Не өзгерді:

Он жылдан асқан көліктер үшін мөлшерлемелер төмендетілді. Пайдалану мерзімі 10 жылдан асқан жеңіл автокөліктер үшін салықты есептегенде 0,7, ал 20 жылдан асқандарға 0,5 түзету коэффициенті қолданылады.

Қалай болды:

Салық қозғалтқыштың көлеміне байланысты болатын, көліктің «жасы» ешқандай маңызға ие болмаған.

Бұл нені білдіреді:

Ескі көлік иелері көлік салығын азырақ төлемек.

Бірінші, екінші топтағы мүгедектігі бар адамдар үшін салық шегерімінің ұлғайтылуы

Не өзгерді:
Шегерім 5000 АЕК-ке дейін (жылына 20 миллион теңгеге жуық) ұлғайтылды.

Қалай болды:
882 АЕК (шамамен 3,5 миллион теңге).

Бұл нені білдіреді:
Мүгедектігі бар адамдар салық салынатын табысты азайтып, аз салық төлей алады. Бұл осы санаттағы азаматтар үшін үлкен көмек болмақ.

Салық жүйесінің оңайлатылуы

Не өзгерді:

  • Бірыңғай жер салығы жойылды. Салықты арнайы салық режимдерін қолданатын шаруа фермер қожалықтары ЖТС түрінде төлейді.
  • Жекелеген қызмет түрлерімен айналысуға арналған лицензияларды пайдаланғаны үшін төлемақы алынып тасталды, салық есептілігінің нысандары 30 пайызға қысқарды.
  • Тек үш арнайы салық режимі қалды: өзін-өзі жұмыспен қамтығандар үшін, жеңілдетілген декларация бойынша, фермерлер үшін.

Қалай болды:

Жеті арнайы салық режимі.

Бұл нені білдіреді:

Шатасу азайды, мәселені жете түсіну жеңілдей түсті. Бұл әсіресе шағын бизнес пен ауыл шаруашылығы өндірушілері үшін маңызды.

Өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға арналған мобильді қосымша

Не өзгерді:

Өзін-өзі жұмыспен қамтығандар салықты мобильді қосымша арқылы есептеп, төлей алады. Салық есептілігі жоқ, мобильді қосымшаның чектері негізінде есептеу ай сайын жүргізіледі. Әлеуметтік төлемдер – 4 пайыз. Жеке кәсіпкер болып табылмайтын жеке тұлғалар қолдануға құқылы.

Қалай болды:

Жеке кәсіпкер ретінде тіркеу керек болатын. Барлығы қолмен істеліп немесе eGov.kz порталы арқылы жасалатын.

Бұл нені білдіреді:

Енді салықты батырманы бірнеше рет басу арқылы төлеуге болады – қарапайым әрі қатесіз.

Корпоративтік салықтың әртүрлі мөлшерлемелері

Не өзгерді:

  • Ортақ мөлшерлеме – 20 пайыз.
  • Банктер мен ойын бизнесі 25 пайыздан төлейді.
  • Әлеуметтік сала ұйымдары – 5 пайыз (2026 жылдан бастап), 10 пайыз (2027 жылдан бастап).
  • Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер – 3 пайыз.

Қалай болды:

Барлығы үшін 20 пайыздан (ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілер – 10 пайыз).

Бұл нені білдіреді:

Жоғары пайда табатын бизнес (банктер, казинолар) салықты көбірек төлейтін болады.

Прогрессивті жеке табыс салығы

Не өзгерді:

  • Азаматтардың жылына 8 500 АЕК-тен жоғары табысына (34 миллион теңгеге жуық) 15 пайыздық мөлшерлеме бойынша салық салынады.
  • Кәсіпкерлердің жалпы белгіленген тәртіппен 230 000 АЕК-тен жоғары дивидендтері мен кірістері де – 15 пайыз (230 000 АЕК-ке дейінгі кірістер бойынша дивидендтер мөлшерлемесі 5 пайыз).
  • Шаруа немесе фермер қожалықтары жеке табыс салығының сомасын өз өндірісінің ауыл шаруашылығы өнімін өндіруге және өткізуге, қайта өңдеуге жататын кірістерден 70%-ға азайтуға құқылы.

Қалай болды:

Барлығы үшін 10 пайыз.

Бұл нені білдіреді:

Қарапайым азаматтар бұл өзгерісті сезінбейді, ал көбірек табыс табатындар – көбірек салық төлейді.

Сән-салтанат салығы

Не өзгерді:

Мына тауарларға қосымша 10 пайыздық акциз енгізіледі:

  • Құны 75 миллион теңгеден асатын көліктер (құны 18000 АЕК-тен асатын жеңіл көліктер).
  • Құны 100 миллион теңгеден басталатын яхталар (құны 24000 АЕК-тен асатын теңіз кемелері мен әуе кемелері).
  • Қымбат алкоголь (бір литрінің бағасы 500 мыңнан басталатын).
  • Сигаралар (бір данасының бағасы 10 мыңнан басталатын).

Сондай-ақ жылжымайтын мүлік объектілерінің жиынтық құны 450 миллион теңгеден асса, мүлік салығы артады.

Қалай болды:

Сән-салтанатқа әдеттегі мөлшерлеме бойынша салық салынды.

Бұл нені білдіреді:

Бұл өзгеріс азаматтардың көпшілігіне әсер етпейді, ал ауқатты адамдар көбірек төлейтін болады.

Жұмсақ әдіс

Не өзгерді:

  • Камералдық бақылау – бұзушылықтарды анықтаудан алшақтықтарды анықтауға қайта бағдарланған.
  • Берешек сомасы аз болса, шоттар бұғатталмайды.
  • Кейінге қалдыру және бөліп төлеу енгізілді.
  • Барлық шаралар қарыз сомасына байланысты кезең-кезеңімен қолданылады (20 АЕК-ке дейін – хабарлама жіберу және өсімпұл есептеу, 20 АЕК-тен артық – хабарлама, өсімпұл есептеу, шоттарды бұғаттау, 45 АЕК-тен артық – барлық өндіріп алу шаралары).

Қалай болды:

Қарыз сомасы аз болған кезде де шоттардың бұғатталуы мүмкін еді (жоғары және орташа тәуекел санатындағы салық төлеушілердің 6 АЕК-тен асатын салықтары бойынша).

Бұл нені білдіреді:

Мемлекеттік органдар енді қатаң және кенеттен әрекет етпейтін болады. Бұл шағын және адал салық төлеушілерді қорғауға бағытталған шара.

Қауіп пен іс жүзіндегі жағдай

Жаңа Салық кодексін бекіту алдында қазақстандық бизнес-қоғамдастық өкілдері бірқатар мәселе бойынша алаңдаушылық білдірген болатын. Олардың кейбірі расқа айналса, енді біреулері негізсіз болып шықты.

Сонымен, күтілетін үдерістердің қайсысы орындалатын секілді?

* Салық жүктемесінің артуы. Бизнес салық жүктемесі артады деп қорықты, әсіресе орта және ірі бизнес үшін. Нәтижесінде ЖТС прогрессивті мөлшерлемелері және КТС жоғарылатылған мөлшерлемелері енгізілді, ал ҚҚС бойынша тіркеу шегі төмендетілді. Демек, ҚҚС төлеушілері қатарына енуге міндетті шағын компаниялар саны көбейді.

* Фискалдық бақылаудың күшеюі. Адаңдаушылық салық органдарының шамадан тыс бақылауына, соның ішінде шоттарды бұғаттауға және камералдық тексерулерге қатысты еді. Нәтижесінде камералдық бақылау сақталды, бірақ енді ол ескерту сипатына ие. Бұл кенеттен бұғаттау қаупін азайтады, бірақ фискалдық қысымды толығымен жоймайды.

* ҚҚС-ты әкімшілендіру. Бизнесті ҚҚС бойынша құжат айналымының күрделенуі алаңдатты, әсіресе тіркеу шегі төмендегеннен кейін. Сайып келгенде, микробизнес үшін бұл шынымен де қиындық тудыруы мүмкін. Бірақ өтпелі кезең мен цифрландыру бұл соққыны жеңілдетуі керек.

Қандай нәрселерге қатысты алаңдаушылық негізсіз болып шықты?

* Жеңілдіктер мен арнайы режимдерден жаппай бас тарту. Бизнес барлық арнайы режимдер мен салықтық преференциялар жойылады деп қорықты. Нәтижесінде арнайы режимдер жойылған жоқ, бірақ оңтайландырылды: енді режимдер үшеу және олар жеңілдетілді. Әлеуметтік ұйымдар, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер, өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар, бағалы қағаздар және шикізатты қайта өңдеу бойынша жеңілдіктер сақталды.

* Барлық салық шегерімдерінің алынып тасталуы. Әлеуметтік және жеке салық шегерімдерінің азаюы немесе жойылуы туралы алаңдаушылық болды. Керісінше, шегерімдер кеңейтілді, әсіресе әлеуметтік осал санаттар – мысалы, мүгедектігі бар адамдар үшін.

Нәтижесінде бизнес белгілі бір артықшылықтарға ие болуы мүмкін. Салықтардың құрылымы түсінікті бола түсті – олардың саны азайып, көбі біріктірілді. Есеп айырысуды цифрландыру әсіресе өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға тиімді, енді олар салықты мобильді қосымша арқылы төлей алады. Әлеуметтік маңызы бар салалар (медицина, ауыл шаруашылығы, білім беру, мәдениет) үшін жеңілдіктер мен мөлшерлемелердің төмендетілуі қарастырылған. Өтпелі кезеңдер мен тексерулерді оңайлату есебінен микробизнеске түсетін фискалдық қысым жеңілдетіледі.

Алайда шығындар да орын алуы мүмкін. Бұл ірі бизнестің белгілі бір бөлігі үшін салық жүктемесінің артуы, жаңа мөлшерлемелерге көшу мен IТ-жүйелерді бейімдеуге жұмсалатын қосымша шығындар. Жылдық айналымы 40 миллион теңгеден асатын шағын кәсіпкерлік үшін ҚҚС бойынша міндетті тіркелу.

Салық заңнамасына енгізілген өзгерістердің нәтижесінде мемлекет не ұтады?

Бірден көзге түсіп тұрған артықшылықтардан бастайық. Салық төлеушілердің жаңа санаттарын қамту арқылы жиналатын салық көлемінің артуы күтілуде. Прогрессивті мөлшерлемелер мен сән-салтанатқа салық салу есебінен бюджетке түсетін түсімдер артады. Цифрлық әкімшілендіру есебінен жүйе ашық бола түседі. Демек, көлеңкелі операциялардың саны азаюы мүмкін. Қор нарығына және шикізатты қайта өңдеуге инвестицияларды ынталандырудың орын алу ықтималдылығы бар.

Бірақ қабылданған өзгерістер ықтимал тәуекелдерді де қамти алады. Егер микрокәсіпорындар үшін ҚҚС-ты әкімшілендіру қиын болса, бұл бизнестің бір бөлігінің «көлеңкеге» кетуіне әкелуі мүмкін. Егер жүйе есеп беру талаптарымен шамадан тыс жүктелген жағдайда, бизнес өкілдерінің наразылық білдіруі ықтимал. Өтпелі кезеңде әсіресе жаңа мөлшерлемелер мен жеңілдетілген арнайы режимдерге бейімделу жағдайында салық органдарына артылатын жүктеме артады.

Реформаның артықшылықтары оны жүзеге асыру барысында туындауы мүмкін кемшіліктерді ақтай ала ма? Мұны жүйе іске қосылғанда көре жатармыз.

0
0
0
0
0
0