9
15 декабря 2025

Өскемендегі форумда вандализмнен қорғау жүйесі бар жылы аялдамалар және басқа да жобалар таныстырылды

Облыс орталығында «CREATIVE IT FORUM OSKEMEN - 2025» шарасы өтті, оған 50-ден астам адам (43 жоба), соның ішінде әзірлеушілер, кәсіпкерлер, студенттер мен оқушылар қатысты, деп хабарлайды YK-news.kz.

Креативті форум аясында IT-жобалар мен қалалық инновациялар көрмесі, стартаптар мен кәсіпорындарда жасанды интеллектіні енгізу кейстерінің таныстырылымы өтті.

Жобалардың барлығы қызықты болғаны сөзсіз, алайда мектеп оқушыларының дайындаған әзірлемелерін ерекше атап өткіміз келеді.

Мәселен, бесінші сынып оқушысы Бекжан Самарбеков вандализмнен қорғау жүйесі орнатылған жылы аялдаманың макетін жасады. Автор павильонда smart-есік болатынын, ол уақытқа байланысты ашылып-жабылатынын және жолаушылар оның ішіне, мәселен, «ОNAY!» картасы арқылы кіре алатынын айтты. Сондай-ақ жылы аялдама маршруттардың жүру кестесі мен схемасы бар интерактивті табломен, онда біреулер темекі шегіп, өрт шығарған жағдайда иісті газ датчигімен, климатты бақылау жүйесімен және вандалдарға қарсы дабыл қондырғысымен жабдықталған.

– Бұл қаламыздағы өмір сүру сапасын жақсартуға арналған әлеуметтік жоба, – деп толықтырды дарынды оқушының тәлімгері, Өскемендегі № 3 мектептің информатика пәнінің мұғалімі Динара Бақытбекова. – Өйткені бізде жылы аялдамаларға қатысты шешілмеген мәселе бар.

Мектеп оқушыларының тағы бір әзірлемесі – суды тазартуға арналған автономды жүйе, оны, мәселен, табиғатқа шыққанда пайдалануға болады. Сүзгілеу жүйесі күн батареясы арқылы жұмыс істейді. Әзірлеме авторы – жетінші сынып оқушысы Әли Самарбеков.

– Жүйе қозғалыс датчиктерімен және күн панелімен жабдықталған. Ол күн қуатымен де, электр қуатымен де жұмыс істейді, – деп бөлісті Әли. – Бұл ақылды фильтр-диспансер.

***

Ал Д. Серікбаев атындағы ШҚТУ студенттері «ақылды» тротуар ойлап тапқан.

– Біздің жоба – бұл энергия өндіретін тротуар, яғни мұнда кинетикалық энергия (қозғалыс энергиясы) электр энергиясына айналады, – деді бірінші курс студенті Аида Тоқанова.

Студенттердің айтуынша, мұндай тротуар плиткасы күніне бес-жеті ватт өндіреді. Егер бұл жерден 50 адам өтетін болса, онда көшені бірнеше сағат бойы жарықтандыруға болатындай энергия өндіріледі.

***

– Форум аясында қатысушылар өз жобаларын дамыту үшін инвесторлар таба алады, – деп атап өтті Oskemen IT Hub өңірлік менеджері Ғалымжан Айтқалиев. – Ең қызығы, жобаларын таныстыру үшін бізге Шығыс Қазақстан облысының түрлі аудандарынан қатысушылар келді.

Олардың арасында Тарбағатай ауданынан келгендер де болды.

Бұл ауданда зағиптар қоғамдық бірлестігі бар. Оқушылар көру қабілеті нашар жерлестері үшін арнайы көзілдірік жасауды ұйғарды, бұл көзілдірік оның иесіне жолдағы қандай да бір кедергінің барын ескертеді. Тарбағатайлық жас өнертапқыштардың тағы бір жетістігі – Абай Құнанбаевтың қара сөздері енген электронды кітап. Оны ұлы ақын әрі ойшылдың 180 жылдығына орай жасады. Электронды кітапта оның 45 қара сөзі бар.

– Зағип адамдар оларды батырма басу арқылы қосып, тыңдай алады, – деп түсіндірді Абай атындағы орта мектептің информатика пәнінің мұғалімі Гүлмира Ишеева.

Мектеп оқушыларының бұл жобаларын әзірлеуге жарты жыл уақыт кетті. Алдағы уақытта олар басқа да танымал авторлардың осыған ұқсас электронды кітаптарын жасап, шағын кітапхана қалыптастыруды жоспарлап отыр.

***

Форумда виртуалды шындыққа негізделген спорттық ойын-сауық жобалары да таныстырылды.

– Бұл «Лазертаг» жобасы. Барлығы теледидар пульті принципі бойынша инфрақызыл сәулемен жұмыс істейді, – деді жоба жетекшісі, «Level up» және «Крепость» спорттық ойын-сауық орталықтарының директоры Константин Тюнин. – Жабдықтар мобильді. Дәл осы жерде турнир ұйымдастыра аламыз. Айтпақшы, лазертаг – бұл ресми спорт түрі. Біздің команда лазертагтан Қазақстанның алты дүркін чемпионы.

Орталықтың тағы бір жобасы арнайы жабдықтың көмегімен білім алуға, ойнауға, тіпті әлемнің кез келген нүктесіне баруға мүмкіндік береді.

– Жақында біз «Level up» спорттық ойын-сауық орталығын аштық, – деп қосты Константин Тюнин. – Виртуалды шындықтың мүмкіндіктері орасан зор – ол арқылы оқуға, ойнауға және қарым-қатынас орнатуға болады. Тіпті адамды әлемнің кез келген нүктесіне көшіру мүмкіндігі де бар. Мысалы, Өскеменде тұрып та әлемнің жеті кереметін көруге,  ал содан кейін алынған білімді ойын форматында тиянақтауға болады.

***

Тағы бір, біздің ойымызша, қызықты жоба білім беру саласына арналған.

– Біздің жоба – бұл логопедтердің жұмысына көмектесетін сайт, – деді Назарбаев Зияткерлік мектебінің 11 сынып оқушысы Амина Әділқызы. – Біз бұған қалай келдік? Логопедтермен сөйлесіп, олардың жұмысы қиын екенін түсіндік. Олардың материалдары да, сабақ өткізетін балалары да көп, олар аз демалады және тәулігіне 16 сағат жұмыс істейді! Сайт сөйлеу қабілетін талдап, динамиканы көрсетеді, тіпті алынған ақпарат негізінде диагнозды анықтау кезінде жіберілуі мүмкін қателерді болдырмауға көмектеседі. Сайт арқылы логопедтер бір-бірімен әдістемелерімен алмаса алады. Сайтта мемлекеттік тілде де материалдар ұсынылған.

Мұндай форум жыл сайын өткізіледі деп жоспарлануда. Ол дарынды жастарға қолдау көрсетіп, өңірдің IT-саласын дамытуға септігін тигізбек.

Елена Бредихина
Фото автордікі

0
0
0
0
0
0