ШҚО-да білім беру және денсаулық сақтау нысандарындағы тексеру нәтижелері туралы айтылды
2025 жылы санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті жоспарланған он бес білім беру және тәрбиелеу нысанының 10-ын, сондай-ақ жоспарланған жиырма бес денсаулық сақтау нысанының 13-ін біліктілік талаптарына сәйкестігі тұрғысынан тексерді. Қалған нысандардың неге тексерілмегенін және қандай бұзушылықтар анықталғанын департамент басшысының орынбасары Сәуле Слямғазина айтып берді.
– 2025 жылы жоспарланған 5 білім беру және тәрбиелеу нысаны тексерілмеді: төртеуі – Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің (СЭБК) тексеру жүргізуді тоқтата тұру туралы хаты негізінде және тағы біреуі – шаруашылық жүргізуші субъектінің ауысуына байланысты, – деп түсіндірді Сәуле Слямғазина. – Біліктілік талаптарына сәйкестігі бойынша 10 ұйым тексерілді.
Тексерілген он нысанның әрқайсысында нормативтік құқықтық актілердің бұзылғаны анықталды. Нәтижесінде 10 тұлға (сегіз жеке және екі заңды) әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 1 081 300 теңге көлемінде айыппұл салынды.
Негізгі бұзушылықтар кейбір бөлмелердің ішкі әрлеуіне қойылатын талаптарға қатысты болды, сондай-ақ шатырдан су ағатыны, су ішу режимін, санитарлық тораптарда қолды жууға және кептіруге арналған құралдарды, дератизация және дезинсекция шараларын ұйымдастырудың жоқтығы анықталды. Сондай-ақ қоқыс жинау алаңына қойылатын талаптардың сақталмауы (қоқыс жинағыш қақпақпен жабдықталмаған, үш жағынан қоршауы жоқ), зертханалық зерттеулердің сәйкессіздігі анықталған болатын.
– 2025 жылы тексеруге жоспарланған жиырма бес денсаулық сақтау нысанының біліктілік талаптарына сәйкестігі бойынша 13-і тексерілді. Тексеруді тоқтата тұру туралы СЭБК хаты негізінде 12 ұйым тексерумен қамтылмады, – деп хабарлады Сәуле Есенгелдіқызы. – Нәтижесінде 20 тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 1 435 180 теңге көлемінде айыппұл салынды. 9 нұсқама берілді.
Нысанға бару арқылы бақылау жүргізу нәтижесінде 2025 жылы санитарлық-эпидемиологиялық қорытындылардың, өндірістік бақылаудың жоқтығы анықталды. Сонымен қатар кейбір бөлмелердің зертханалық аспаптық өлшемдері мен ішкі әрлеуінің сәйкес келмейтіні, сұйық ағынды сулардың дер кезінде шығарылмайтыны, спорт залының жылыту жүйесінің радиаторларында торлардың жоқ екені белгілі болды.