Аймақ басшысы Алтай және Үлкен Нарын аудандарындағы негізгі инфрақұрылымдық нысандарға барды
Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов су тасқынына қарсы шаралармен қатар, Алтай және Үлкен Нарын аудандарындағы әлеуметтік маңызы бар нысандарды аралады. Жобалардың іске асырылу барысымен танысқан өңір басшысы оларды уақтылы аяқтау міндетін қойды.
Жұмыс сапары барысындағы басты нысандардың бірі Зубовск кентіндегі «Алтай» теміржол вокзалын қайта жаңғырту жұмыстары болды. Теміржол вокзалын жаңғырту жобасының жетекшісі Дәурен Сәрсембаев қазіргі таңда нысанның сыртқы қаптамасына қажетті материалдарды жеткізу күтіліп отырғанын мәлімдеді. Оның айтуынша, негізгі ішкі жұмыстар толық аяқталып, қайта жаңғыртудың соңғы кезеңіне дайындық жүргізілуде. «Алтай» теміржол вокзалын пайдалануға беру осы жылдың шілде айына жоспарланған. Жобаның мақсаты - жолаушыларға қызмет көрсету сапасын арттыру, заманауи инфрақұрылым құру және ауданның көлік қолжетімділігін дамыту.
Одан соң облыс әкімі Үлкен Нарын ауданында болып, туристік ақпараттық орталық аумағын абаттандыру жұмыстарының барысымен танысты. Құны 92 миллион теңгеден асатын жобаны Үлкен Нарын ауданы мәдениет және демалыс орталығы және мердігер ұйым «Нарын Строй Сервис» ЖШС іске асыруда.
Жоба аясында 800 шаршы метр аумаққа брусчатка төсеу, саябақ шамдарын, шағын архитектуралық формаларды, атап айтқанда орындықтар, қоқыс жәшіктері, беседкалар орнату және гүлзарлар жасау жоспарланған. Жұмыстар кестеге сәйкес жүргізіліп жатыр.
Сондай-ақ әкімнің жұмыс сапары барысында құрылысы 2021 жылы басталып, әлі аяқталмаған бассейн де қаралды. Қазіргі таңда нысан бұған дейінгі мердігермен келісімшартты бұзу жөніндегі сот процестері кезеңінде. Десе де жаңа мердігер ұйым «Элхон» ЖШС-мен меморандум жасалды. Құрылысшылар дайындық жұмыстарын бастап, қажетті құрылыс материалдарын сатып алу процесіне кірісті. Нысан биыл дайын болады деп күтілуде.
«Бұл жобалардың барлығы халықтың өмір сапасын жақсарту, туризмді дамыту және инфрақұрылымды нығайту тұрғысынан маңызды. Біз ең әуелі құрылыс мерзімдерінің сақталуына, сапа мен бюджет қаражатының тиімді жұмсалуына мән беруіміз керек», — деді Нұрымбет Сақтағанов.
Сапар қорытындысында облыс әкімі жергілікті атқарушы органдар мен мердігерлерге нақты мақсаттар мен міндеттер қойды. Олар - жобалардың іске асырылу қарқынын арттыру және объектілерді уақтылы пайдалануға беру.