ШҚО-да мектептерді реновациялауға қаржы іздеп жатыр
ШҚО білім басқармасының басшысы Қуат Оқасовтың айтуынша, өңірде мектептерді реновациялау жобасы жүзеге асырылуда. Онда оқу орнын күрделі жөндеуден өткізіп қана қоймай, заманауи химия, физика, биология, робототехника және STEM кабинеттерімен жабдықтау да қарастырылған.
Жоспар бойынша облыстағы 21 мектепте үш жыл ішінде реновациялау бағдарламасы жүзеге асырылуы тиіс. Қуат Оқасов аталған бағдарламаның 14 миллиард теңгеден астам қаражатты қажет ететінін атап өтті.
— Үш жылдық мерзім үшін бұл — айтарлықтай қомақты сома. Сондықтан қазір бұл қаражаттың бізге бағалы қағаздар кепілдігімен бөлінуі жөнінде келіссөз жүргізіп жатырмыз, — деп түсіндірді Қуат Барысұлы. — Егер жоба сәтті жүзеге асса, 3 жыл ішінде білім беру мекемелеріне жоспарланған жаңғырту жұмыстарын жүргізе аламыз. Бағдарламаға енген біраз мектептің жобалық-сметалық құжаттары дайын. Енді қаражат бөлу мәселесін шешу қалды.
2025 жылы Риддер қаласының № 14 мектебінде реновация бағдарламасы аясында күрделі жөндеу басталды. Ведомство басшысы хабарлағандай, аталмыш мектепте жұмыстардың негізгі бөлігі аяқталып үлгерді.
— Өткен жылы 350 миллион теңге, биыл 500 миллион теңге бөлінді, — деп нақтылады Қуат Оқасов. — Алдағы сессияда риддерлік мектептегі жөндеуді аяқтау үшін қалған соманы сұрайтын боламыз.