28
2 часа назад

Маралдыдағы серпіліс: нақты қаржы, жүйелі жұмыс, ортақ нәтиже

Маралды ауылдық округінде соңғы жылдары жүзеге асқан өзгерістер – нақты қаржымен бекітілген жүйелі саясаттың нәтижесі. Бұл жерде басты рөлді жергілікті әкімдік пен кәсіпорын арасындағы тиімді әріптестік, сондай-ақ бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі атқарып отыр.

Ауыл аумағында жұмыс істейтін кәсіпорын өз қызметін толықтай заң аясында жүргізіп, мемлекет алдындағы барлық салықтық және әлеуметтік міндеттемелерін мүлтіксіз орындап отыр. Соның арқасында өңір экономикасына түсетін түсімдер артып, жергілікті бюджетке салмақ салмай-ақ бірқатар әлеуметтік бастамалар жүзеге асуда. Ең маңыздысы – кәсіпорын ауыл өміріне тікелей араласып, әлеуметтік мәселелерді шешуде белсенді рөл атқаруда.

Сандарды сөйлетсе, 2024 жылы Маралды ауылдық округіне 315 млн теңге бағытталса, 2025 жылы 431,25 млн теңгеге 22 жоба іске асырылды. Алдағы бес жылда әлеуметтік саланы дамытуға 2,5 млрд теңге бөлу көзделген.

Ірі жобалардың бірі – «Маралды орта мектебі» КММ ғимараты. Оның шатырын жөндеуге 128 млн теңге бөлініп, білім ошағы толық жаңғыртылды. Сонымен қатар, 11 млн теңгеге заманауи робототехника кабинеті ашылып, ауыл оқушыларына жаңа мүмкіндік берілді.

Инженерлік инфрақұрылым да айтарлықтай жаңартылды. Маралды ауылындағы су құбыры желілерін жөндеуге 41 млн теңге жұмсалып, тұрғындардың ең өзекті мәселесінің бірі шешілді. Көше жарығын орнатуға 8 млн теңге бағытталып, ауылдың қауіпсіздігі мен жайлылығы артты.

Ауылдың қоғамдық кеңістіктері де жаңа келбетке енді. Орталық саябақты қоршау мен стадионды жабдықтауға 21,5 млн теңге бөлінді. Хоккей қорабын жөндеуге 6,9 млн теңге, өрт сөндіру пунктін жаңартуға 9,9 млн теңге жұмсалды.

Сонымен қатар, 14,6 млн теңгеге мал сою алаңы салынып, ауыл шаруашылығы инфрақұрылымы күшейтілді.

Көлік және логистика бағытында да нақты жұмыстар бар. жолдарды ұйымдастыру мен жайластыруға 57 млн теңге, көпірлерді жөндеуге қаржы бөлінді. Ал су өткізу каналының құрылысына 14,7 млн теңге бағытталды.

Үшбұлақ ауылында 17,8 млн теңгеге шағын футбол алаңы салынса, тағы 7 млн теңгеге көпір жөнделді.

Қыстау-Күршім ауылында да 17,8 млн теңгеге спорт алаңы салынып, 29 млн теңгеге 750 метр орталық көше жөнделді. Сонымен қатар, екі ауылда 67 абонентке арналған 10 млн теңгелік Starlink спутниктік интернет жүйесі орнатылды.

Әлеуметтік бағыттағы бастамалар да ауқымды. Кәсіпорын есебінен студенттердің оқу ақысын төлеуге 1,85 млн теңге бөлініп, жас мамандарға тұрғын үй алуға 11 млн теңге бағытталды. Бұл ауылдағы кадр тапшылығын азайтуға ықпал етуде.

2026 жылға жоспарланған жобалар да нақты. Атап айтқанда, Маралды ауылында Алтай, Уәлиханов, Бунтовских және Жағалау көшелерін абаттандыруға ондаған миллион теңге бөлініп отыр. Сонымен қатар, трансформатор орнату, әкімшілік ғимаратты жабдықтау, арнайы техника сатып алу, көше жарығын кеңейту, «Стадион» паркін абаттандыру жұмыстары жүргізіледі.

Үшбұлақ ауылында балалар алаңдары мен күн энергиясымен жұмыс істейтін жарық шамдары орнатылса, Қыстау-Күршім ауылында байланыс сапасын жақсарту үшін базалық станция іске қосылады.

Жалпы, Маралды ауылдық округіндегі бұл өзгерістер – нақты қаржы, тиімді жоспар және әлеуметтік жауапкершілікті сезінген бизнестің бірлескен еңбегінің нәтижесі. Бұл тәжірибе ауылды дамытудың жаңа, тиімді моделін қалыптастырып отыр.

0
0
0
0
0
0